«Қызылорда-Жезқазған» жолы
көптен күткен жоба бастау алды
Сыр өңірін еліміздің орталық бөлігімен жалғайтын «Қызылорда-Жезқазған» күре жолы көпшіліктің ұзақ жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселесі еді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беретін жоба қаншама уақыт бойы түйінді тақырыптың біріне айналды. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде өткен жылдан бастап нақты жұмыс қолға алынды. Күре жол бойындағы іс-әрекетке қозғау түсті.2025 жылға дейін толықтай пайдалануға беру жоспарланып отырған жоба бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыс барысы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды.
Аймақ басшысы сөз басында Сыр өңірін елорда және көршілес облыстармен жалғайтын жолды қалпына келтіру жұмыстары ел Президентінің тікелей бақылауында екенін айтты. Жолдың жаңғыртылуы тек жолаушылар қатынасын ғана реттеп қоймай, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.
– Өткен аптада өңірге келген ҚР Үкіметі Аппараты басшысының бірінші орынбасары Ғабит Сыздықбеков «Қызылорда-Жезқазған» автожолы құрылысының барысымен танысты. Аралау кезінде жобаға байланысты бірқатар өзекті мәселелер бар екендігі анықталды. Ендігі кезекте біз сол туындаған мәселелерді дер кезінде шешіп, құрылыс жұмыстарын сапалы және уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл – Мемлекет басшысы, Үкімет тарапынан тікелей бақылауда тұрған жобалардың бірі. Тұрғындар тарапынан көптеген жылдар бойы көтеріліп жатқан мәселенің шешімін табуы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін беретіні сөзсіз, – деді облыс әкімі.
Мәжіліс барысында «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалының директоры Ерұлан Жүнісов Сыр өңірі мен Арқаның арасын жалғайтын күре жолды қайта жаңғыртуға байланысты қажетті іс-шаралар атқарылып жатқанын жеткізді. Бұған байланысты жұмыстар өткен жылдан бастап қолға алынды. Күре жолдың ұзындығы Қызылорда қаласы мен Ұлытау облысына дейінгі аралықта 216 шақырымды құрайды. Қазірге дейін жол салу жұмыстарын жүргізуге байланысты алты лот жарияланып, төртеуінің жеңімпазы анықталды. Жақында қалған екеуі бойынша конкурс жарияланып, жол құрылысын жүргізетін компаниялар белгілі болды. Бүгінгі күндері төрт лот негізінде жұмыстар басталды.
– Жол салуға қажетті қиыршық тас Жаңақорған және Шиелі аудандарынан жеткізілуде. Негізгі құрылыс жұмыстары алдағы наурыз айынан басталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, темір-бетон бұйымдарының 70-80 пайызға жуығы дайын тұр. Ал Ресейден және Ақтау қаласынан тасымалданып жатқан битумның 50-60 пайызға жуығы құрылыс басында бар, – деді Е.Жүнісов.
Төртінші лот бойынша жеңімпаз атанған «Қыран» компаниясы былтыр 10 шақырымға жуық жол бөлігіне асфальт төседі. 25 шақырымға жуық аумағында қазір топырақ төсеу жұмыстарымен айналысуда. Оған қоса темір-бетон бұйымдарының басым бөлігі жеткізілген. Осындай жұмыстар бесінші және алтыншы лоттар бойынша жасалып, оған жауапты компаниялар жол салуға дайындығын пысықтауда.
– Жаз айларында битум тапшы болады. Өткенде құрылыс басына барғанда ол артығымен жиналып жатқанын аңғардық. Ендігі кезекте сол жұмыстарды жалғастыра берген дұрыс. Барлық қажетті дүниелер мен битумның жеткілікті болуы қадағалансын. Бұл мақсатта оларды өндіретін компаниялармен тиісті келісім-шарттар жасауға назар аударған дұрыс.
Өйткені, ол уақытта сұраныс артып, бағасы қымбаттауы әбден мүмкін. Соның салдарынан битум және басқа да қажетті дүниелер жетіспей, жұмыс барысы саябырсып қалмауы қажет. Негізінде жол салуға пайдаланылатын қиыршық тас, құм секілді заттардың басым бөлігі өзімізде өндіріледі. Бұл бағытта сапалы ұйымдастыру керек. Оған барлық мүмкіндік бар. Бастысы, қадағалауға назар аударуымыз қажет. Сондай-ақ, аталған тас жол құрылысына қажетті заттар негізінен Қызылорда қаласындағы Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойындағы көпір арқылы тасымалданатыны белгілі. Олардың бір бөлігі ауыр жүк көліктері арқылы жеткізіледі. Ол алдағы уақытта көпір мен жолдың бұзылуына алып келуі мүмкін. Сондықтан осы мақсатта тиісті іс-шараларға мән берілгені дұрыс, – деді облыс әкімі.
Сонымен облыс әкімдігінің басшылығымен құзырлы мекеме мамандарынан жасақталған арнайы комиссия аталған талаптардың сақталуын қатаң қадағалайды.
Жиын қорытындысында облыс басшысы «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалына «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды қамтамасыз етуді, жұмыс сапасын Жол активтері Ұлттық сапа орталығымен бірлесіп қадағалауды тапсырды. Мұнан бөлек, мекемеге қажетті материалдардың жеткілікті көлемде жеткізілуі жөнінде тапсырма берді.
– Маңызды жобаны ортақ жұмылып жүзеге асыруымыз қажет. Аймақ жұртшылығы оған үлкен сенім артып отыр. Өткенде құрылыс басына барғанда өздеріңіз биыл 140 шақырымға жуық бөлігі бітетіні жөнінде уәде берген едіңіздер. Бұл межеленген аумақтың 60-70 пайызға жуығын қамтиды. Қалған бөлігін алдағы жылы аяқтасақ өте жақсы. Сондықтан елдің сенімінен шығып, жобаны бірге іске асырайық. Жұмыс барысында қиындықтар болса, оларды бірге шешуге назар аударғанымыз дұрыс, – деді облыс әкімі жиын соңында.