Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты міндет – жұмыссыздардың санын азайту

Басты міндет – жұмыссыздардың санын азайту

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте 2022 жылға жоспарланған халықты жұмыспен қамту бағытындағы көрсеткіштердің орындалу барысы мен 2023 жылға қойылған міндеттер талқыланды. Жиынға басқарма басшылары мен селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысты.



Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуы және 2023 жылға қойылған міндеттер бойынша баяндама жасады.Еске салсақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әкімдерге 10 мың халыққа 100 жұмыс орнын ашу жөнінде тапсырмасы 2022 жылы артығымен орындалып, Қызылорда облысы республика бойынша жоғары көрсеткішге қол жеткізген аймақтардың қатарында. Басқарма басшысы 2023 жылың қорытындысымен өңірде жұмыссыздық деңгейін 4,8%-ға, ал жастар жұмыссыздығы деңгейін 3,9 %-ға дейін жеткізу жоспарланғанын мәлімдеді.
Өз кезегінде, аймақ басшысы бірқатар аудан, басқармалармен ашылмаған жұмыс орындары жоспарды толық орындауға кері әсер етіп отырғанын атап өтіп, өткен жылы төмен нәтиже көрсеткен Қармақшы, Жалағаш, Қазалы, Жаңақорған аудандары мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларына биылғы жылы бекітілген Өңірлік жұмыспен қамту картасына енгізілген жобалардың толығымен жүзеге асырылуын қажеттігін қатаң ескертті.
«Біздің басты міндетіміз – халықтың әл ауқатын арттыру үшін жұмыс орындарын құрып, жұмыссыздар санын азайту. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстарға бар күш-жігерімізді салуымыз қажет», – деді облыс әкімі.
Жиын қорытындысымен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен, жауапты басқармалар және «Қазавтожол» акционерлік қоғамы Қызылорда облыстық филиалы, «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалымен бірлесіп, Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 2023 жылы ұлттық жобалар және жеке бастамалар есебінен жүзеге асырылатын жобалар шеңберінде 43898 жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етуді, Мемлекет басшысының әкімдерге 10 мың халыққа 100 жұмыс орнын ашу жөнінде берген тапсырмасына сәйкес 10 651 жұмыс орнын құру бойынша жұмыстарды жүргізуді және жұмыспен қамтудың белсенді шаралары және ашылған жұмыс орындарының зейнетақы аударымдарының 100% аударылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне облыстық бақылау жөніндегі басқармасымен бірлесіп жұмыспен қамтылғандардың еңбек келісім шартының 100% болуын және электронды еңбек биржасына тіркелуін қамтамасыз ету жөнінде міндет қойылды.
Мұнан бөлек, жиында облыс бойынша санитарлық тазалық мәселесі қаралды.
Аймақ басшысы облыстық және республикалық маңызы бар жолдар мен магистральді темір жол бойындағы тазалық мәселесі сын көтермейтінгін баса айтты.
«Облыс әкімі аппаратымен апта сайын тазалық мәселесіне рейдтер жүргізіліп, қорытындысымен шұғыл қалыпқа келтіру бойынша тапсырмалар берілуде. Дегенмен, жауапты мекемелер мен қызметкерлер әлі де немқұрайлық танытуда. Мысалы, аудан және қалада бірнеше аумақ стихиялық қоқыс аумағына айналған. Жергілікті жерде тазалықпен айналысатын мекемелер бар. Ең алдымен солардың жауапкершілігін күшейту қажет. Мәселенің барлығын жеке секторларға немесе тұрғындарға артып қоюға болмайды.
Бұдан бөлек, республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың, сондай-ақ магистральді темір жол бойында орналасқан нысандардың санитарлық тазалық мәселесі сын көтермейді. Өткен аптада бұл мәселе қаралды. Берілген тапсырмадан нәтиже шықпайтын болса, тиісті шешімдер қабылданатын болады», – деді Н.Нәлібаев.
Тазалықтың жай-күйін арнайы дайындалған слайдтар арқылы саралаған аймақ басшысы жауапты мекеме басшыларына орын алған олқылықтарды тез арада жойып, алдағы уақытта жол бойы мен темір жол стансалары және оның маңындағы нысандардың сыртқы келбетін талапқа сай ұстауды қатаң тапсырды.

Қызылорда облысы
әкімінің баспасөз қызметі
23 қаңтар 2023 ж. 195 0