ҚҰРЫЛЫСТА ҚАРҚЫН БАР
Шиелі – бүгінде іргелі жобалар мен жаңарған инфрақұрылымның мекені. Өмір сапасын арттыруға бағытталған бастамалармен тынысы ашылған өңірде құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Әсіресе соңғы жылдары ауданның инженерлік, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту ісі ерекше қарқын алды. Бұл бір күндік немесе бір маусымдық жұмыс емес, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлардың нәтижесі. Сол жоспарлардың басықасында жүрген аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын өз көзімен бақылауы жауапкершіліктің нақты көрінісі.ЖАҢА ШАҢЫРАҚ – ЖАҢА ҮМІТ
Аудан басшысы ең алдымен тұрғын үй құрылысына бас сұқты. Бұл – қағаздағы сандар мен есептерден құралған жоба емес, ертеңгі күні жаңа шаңырақ көтеруді армандап жүрген талай отбасының тағдырына тікелей қатысты маңызды мәселе. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «СМП-Кызылорда» ЖШС-нің алаңында еңбек қызу. Көпқабатты жаңа үйлердің іргесі бекіп, қабырғалары қаланып, елдің игілігіне бағытталған үлкен мақсат орындалуда. Бұл үйлер дайын болғанда, кезекте тұрған отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы жандарға жаңа өмірдің есігі ашылады. Біреуге бұл көп жылдан бері күткен қуаныш, екіншісіне балаларының болашағына негіз болатын берік тірек. Сондықтан аудан әкімі құрылысшыларға сапа бірінші орында екенін қатаң ескертіп, әрбір кірпіштің халық аманатына айналатынын айтты. ЖОЛ – АУДАННЫҢ ЖҮРЕГІ
Сапалы жол – тек көлік қатынасының ғана емес, экономиканың, әлеуметтік қозғалыстың, тіпті қоғам дамуының да күре тамыры. Әзімхан Исмаилов көшесінің жөндеу жұмыстары осындай стратегиялық маңызға ие жоба. Бұл көше Шиелі халқы күнделікті жүретін, жұмысқа баратын, мектепке асығатын, қоғамдық өмірге қатысатын маңызды бағыт. Қазіргі таңда мұнда «Ақнұр-Авто» ЖШС заманауи стандарттарға сай жол салуда. Жарық шамдары жаңарып, жаяу жүргіншілер жолы тартылып, асфальт қабаты толықтай ауыстырылуда. Ертең бұл көшеде көліктер бөгеліссіз жүреді, тұрғындар қауіпсіз қатынайды, ал кешкі уақытта жарық шамдары ауданның көркін еселейді. Бұл тек жол емес, Шиелінің жаңа тынысы. «Жоба уақытында, талапқа сай аяқталуы керек» әкімнің құрылыста айтқан басты талабы осы болды. Өйткені кешіккен құрылыс тек жоспардың бұзылуы ғана емес, халықтың күткен күнінің созылуы. Ал сапасыз салынған нысан болашаққа жасалған қиянат. Сондықтан Айтбай Жандарбеков мердігерлерден жауапкершілікті талап етіп, жұмыс барысын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді. Әрбір нысан ертеңгі күнге қалдырылған мұра. Оны сапалы салу – бүгінгі міндет. Шиелінің келбеті күн сайын өзгеріп келеді. Жаңадан бой көтерген үйлер, жаңғырған көшелер, жақсарған инфрақұрылым – бұл ауданның даму деңгейін көрсететін айқын көрсеткіш. Әрбір салынған үй – бір отбасының бақытқа бір қадам жақындауы. Әрбір жөнделген жол – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына жасалған мүмкіндік. Бүгінгі бастамалар ертеңгі жарқын күннің негізі болмақ. Шиелі – дамуға бет алған аудан. Бұл бағыт алдағы уақытта да тоқтамайды. Жаңа үйлер бой көтереді, жаңа көшелер салынады, жаңа жобалар жүзеге асады. Ең бастысы осы өзгерістердің өзегі халықтың игілігіне бағытталған.
С.МАДИЯРОВА







