ШИЕЛІ ТЫНЫСЫ – СЕНАТ НАЗАРЫНДА

Заманауи субұрқақ
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов, партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов Шиелі ауданына жұмыс сапарымен келді. Алдымен «Руханият» орталығы алдындағы заманауи субұрқақпен танысты. Жоба Мемлекет басшысының елді мекендерді абаттандыру тапсырмасына сәйкес жүзеге асқан. Облыс әкімінің қолдауымен іске асқан абаттандыру жұмыстары нәтижесінде заманауи жарық шамдары, орындықтар мен суару жүйелері орнатылған. Бұл – тұрғындарға жайлы орта қалыптастырудағы нақты қадам. – «Руханият орталығы» ауласын абаттандыру жұмыстарын «Бақыт» жеке кәсіпкерілігі жүргізді. Тамшылатып суару жүйесімен газон төселіп, субұрқақ, заманауи жарық шамдары мен демалыс орындықтары орнатылды. Шиелі ауданында атқарылып жатқан бұл жұмыстар – елді мекеннің экономикалық қарқынын арттырып, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар. Жаңадан бой көтерген әрбір нысан – ел игілігіне қызмет ететін, өңірдің өрісін кеңейтетін маңызды бастама, – деді аудан әкімі Айтбай Жандарбеков.
Білім – болашақтың іргетасы
Әрі қарай сапар Шиелі индустриалдыаграрлық колледжінде жалғасты. Депутаттар әуелі оқыту шеберханаларының жұмысымен танысты. Қазіргі таңда бұл оқу орнында 18 мамандық, 28 біліктілік бойынша кадр даярланып жатыр. Кездесу барысында ұстаздармен пікір алмасу, білім сапасын арттыру, техникалық мамандықтардың болашағы мен қолдауға мұқтаж салалар сөз болды. Колледж өңірдегі өндірістік сұранысты қанағаттандыратын басты орталықтардың біріне айналуда.
Медицина саласындағы ілгерілеу
Сапар аясында сенаторлар «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Шиелі ауданында халық денсаулығын жақсарту мақсатында маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында бірқатар денсаулық сақтау нысандарында құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілді. 1970 жылы салынған дәрігерлік амбулаториясы бүгінде 8 351 тұрғынға қызмет көрсетеді. Алайда ғимараттың инженерлік жүйелері мен құрылыс конструкциялары тозығы жеткендіктен, күрделі жөндеу қажеттілігі туындады. Жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Күрделі жөндеу құны – 255,8 млн теңгені құрады. Мердігер ұйым – «Жабдықтау» ЖШС. Б ұ л ж о б а Ш и е л і а у д а н ы н д а ғ ы медициналық қызмет сапасын арттыруға, халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған.
Ашық диалог – сенім кепіліСенаторлар жұмыс сапарында аудан активімен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын, заңнамадағы өзгерістерді және халықпен кері байланыстың маңызын талқылады. Пікір алмасу еркін өтті. Бұл – билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтудың, халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасын жүзеге асырудың жарқын көрінісі. Кездесуде, әсіресе, әлеуметтік мәселелер, денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы өзгерістер кеңінен сөз болды. Ауданның дамуына бағытталған жаңа бастамалар мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы Сенат депутаттары тыңдаушыларға егжей-тегжейлі түсініктеме беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Бұл ашық диалог тұрғындардың мемлекеттік саясатқа деген сенімін арттырып, елде жүргізіліп жатқан реформалар мен жаңалықтар туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік жасайды. Мұндай кездесулерді ұйымдастыру, әсіресе ауыл-аймақтарда, қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізеді. Аудандағы барлық деңгейдегі мәселелер мен ұсыныстарды тыңдап, оларды шешуге деген ұмтылыс ел болашағына деген сенім мен үмітті күшейтеді.
Тілші түйіні:
Шиелі ауданының бүгінгі даму кезеңі – нақты қадамдар мен серпінді өзгерістердің айқын көрінісі. Бұл жердегі жұмыс сапары мен кездесулер қоғам мен билік арасындағы тиімді өзара әрекеттің нәтижесі. Жергілікті тұрғындармен тікелей пікір алмасу, олардың ұсыныстары мен пікірлерін ескеру, мемлекеттік бағдарламалардың жетістіктерін халыққа жеткізу – осындай ашық диалогтың арқасында жүзеге асады. Мемлекет халықтың мәселелеріне құлақ асып, оның шешімін табу үшін дұрыс бағытта әрекет етуі тиіс. Әрбір жасалған қадам, әрбір тыңдалған пікір елдің болашағына деген сенім мен үмітті ұлғайтады.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ