Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СҰЛУЛЫҒЫН САҚТАЙ БІЛГЕН ҰСТАЗ

СҰЛУЛЫҒЫН САҚТАЙ БІЛГЕН ҰСТАЗ

Ұлтай Сейілова… Ұлтай апай… Ұлекең…
Жүзінен ерекше нұр төгілген, қара көзі күлімдеген, жүріс-тұрысы шып-ширақ, дене бітімі келісті, әдемі өңін бермеген шиелілік ардагер ұстаз, парасатты педагог, аяулы ана – Ұлекеңді ойлағанда, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, атақты ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың: «Қазақтың қаны бір, жаны бір, жолбасшысы – мұғалім. Алты алаштың баласы бас қосқан жерде, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп тауып айтқан керемет сөзі еріксіз еске түседі…
Ендеше әңгіме, зейнет жасына келгенмен, кейбіреулер сияқты ерте мыжыраймай, абыройын түсірмей, әдемі қартая білген, төрдегі орнын жоғалтпай, өз қадірімен жүрген аяулы ұстаз, үздік педагог – Ұлтай Сейілова жөнінде өрбімек.
1951 жылдың 24 мамырында Керделі ауылында дүниеге келген Ұлтай қыз жастайынан зерек болып өседі. Тұлымшағы желбіреп, жетіге келгенде (1958 жылы) өзі туып-өскен Н.Бекежанов колхозындағы №136 қазақ орта мектебіне оқуға барады. Мектепте білім алуда және қоғамдық жұмысқа араласуда осынау желкілдеп өсіп келе жатқан Ұлтай өз қатарластарының арасында белсенді болды.
1968 жылы мектепті жақсы бітіріп, Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Қашанда тырмысып, өз еңбегімен жетістікке жеткісі келетін осынау елгезек, пайымды, сұлу қызына ата-анасы іштей риза болатын.
Жоғарғы оқу орнын тиянақты бітіріп, дипломын алып, алғашқы еңбек жолын туған ауылына пионер вожатый болып бастап, он жыл еңбек етеді. 1976 жылы Шиелідегі №47 М.В.Ломоносов атындағы мектепте аз уақыт аға пионер вожатый болады. Сол жылы жас маман Ұлтай Сейілованы аудандық оқу бөлімі №219 орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі етіп ауыстырады. Содан тапжылмай 17 жыл сол мектепте еңбек етіп, қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатып, үш дүркін бітірушіні пән мұғалімі, сынып жетекшісі болып, ұядан ұшырады.
– Сол жылдары республикада, одан ауданда «Класымызбен құрылысқа» деген девиз бойынша мектеп салдық. Жаңадан салынып жатқан мектептің құрылысын менің класым бастады. Осы Ғани өзі бастап берді де оқуға түсіп кетті. Қалғанын класымызбен жабылып жүріп бітірдік қой, – деді Ұлтай Сейілова күліп.
Адамның күлгенде өте әдеміленіп, ажарланып кететініне кейде мән бере бермейміз. Ұлтай апай да сондай болды. Өмірі өзгермейтін ерекше шаш үлгісі өзіне сондай жарасып тұрды…
Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете жүріп, абыройы артады. «Өз пәнінің білімді ұстазы» ретінде француздың хас сұлуындай болып бойжеткен сұлу қыздың беделі өсіп, шаршамайтын еңбекқорлығымен ауданға таныла бастайды.
1992-1993 жылдары №46 А.С.Пушкин атындағы орта мектебінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болады. Онда түрлі семинар, үлгілі тәжірибелерді жинақтау негізінде ерекше іс-шаралар өткізеді. Ұжыммен тез тіл табысып, қағілездігімен, жинақылығымен, әдепті әрі талапшыл мінезімен ортасына сыйлы болады. Мектептегі оқу ісіне қатысты мәселелерді басшымен ақылдаса отырып, шешімін табуға тырысады.
Іскерлігімен таныла бастаған Ұлтай Сейілованы 1993-1994 жылдары №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы орта мектептің директоры қызметіне тағайындайды. Осы жылы ол өз ұсынысымен демеуші тауып, мектепте кітапхана жоқ екен, мың дана кітап қорын жинатып, кітапхана ашады. Сол кездегі «Жаңа тұрмыс» ауылының басшысы Садуақас ­Рсымбетовтен мектепке жер учаскесін сұрап алып, қауын-қарбыз сияқты бақша өнімдерін егіп, оны Қызылордаға жәрмеңкеге апарып өткізіп, одан түскен ақшаға мектепке шелек, сыр, әк, щетка, сыпырғы сияқты керек-жарақтарды сатып алады. Кітапхананың ашылуы, әрине, оқушы балаларға жасалған үлкен сыйлық болады. Міне, іскерлік деп осыны айтыңыз!
1994-1999 жылдары №46 А.С.Пушкин атындағы орта мектеп директоры болып еңбек етеді. Сол уақыттарда Ұлекең мектептің білім дәрежесінің көтерілуіне аса мән берді. Алғашқыда орыс мектебі болып тұрғанда бала саны азайып, жөндеу көрмегеннен терезелерінің әйнегі сынып, мектеп тозып кеткен екен. Мектепті қазақ мектебіне аудартып, толық жөндеу жұмыстарын жасатып, жап-жаңа етіп қойды. Содан бастап Ұлтай Сейілова басқарған мектеп жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің алдыңғы қатарлы, ең мақтаулы тірек-мектеп болды.
Сонымен қатар 6-7 сынып оқушыларынан екі бағытта (гуманитарлық, политехникалық) мамандық таңдау бағытында сыныптар ашты. Яғни әрбір оқушы өзіне ұнайтын мамандықты таңдауына байланысты іріктеледі. Бұл – оқытудың керемет тәсілі. Ол – сол кездің жаңалығы еді!
Аудандық оқу бөлімі тарапынан өткізілетін барлық семинар, секция жұмысы, аудан бойынша өтетін тест тапсырмалары, жарыс-сайыстың бәрі де сол №46, Ұлекең басқарған мектепте өтіп отырған. Ол өзімен бірге еңбек еткен әріптестері мен шәкірттерін жанындай жақсы көрді. Мектеп басшысы бола жүріп, өз атына лайықты қызмет жасап, жоғары парасаттылық сәулесін шашып, ұжымына, әріптестеріне зиялылықтың ерен үлгісін көрсете білді.
1999-2010 жылдары өзінің жүрек қалауымен сүйіп таңдаған мамандығына қызмет етуді парызы санады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті ұстазы ретінде тоқтаусыз еңбек етті, екі дүркін бітіруші класс шығарды. Қаншама шәкірттері олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Өнегелі де қадірлі ұстаз ретінде ауданға, облысқа іс-тәжірибесі таратылған, танымал тұлғаға айналған Ұлтай Сейіловадан кейінгі жас ұстаздар үлгі алды. Тәжірибелі ұстаз жас мамандарға көп бағыт-бағдар берді, олардың тәжірибелі ұстаздар біліктілігінен арнайы әдіс алмасып отыруларына мән берді. Сабақ берудің озық үлгілерін үйретіп, қаншама жас ұстазды тәрбиелеп шығарды.
Өмірге қанат қақтырған шәкірттері бүгінде сан-саланың мамандары болып, егемен еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Олар өте көп, кейбіреулерін ғана атап өтсек: Болат Сүлейменов Шиелідегі агро-колледж директоры, Жақсыгүл Сарбасова Шиеліде сотта судья, Ғани Бейсенбаев экс-министр, Ләззат Ибраева Астанада ірі кәсіпкер, Ұлбала Әбдраманова осы күні №219 мектептің директоры.
Білім саласындағы өрісті еңбегі бағаланып, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Бүгінде оқу-тәрбие саласында үзбей 42 жыл еңбек етіп, абыройға бөленген ардагер ұстаз Ұлтай Сейілова «зейнет жасындамын, маған енді не керек» деп күйкіленіп, оттың басы, ошақтың қасынан шықпай отырған жоқ, керісінше белсенділік танытып, қоғам өміріне дендеп араласуда. Ол аудандық ардагерлер ұйымының төрайымы ретінде аудан ардагерлерінің белсенді өмір сүру дағдысын қалыптастыруға көп үлес қосып келеді. Шиелі ауданының көптеген игі істерінің бел ортасында жүреді.
Ұстаздықты мұрат тұтқан жолынан таймаған ардагер, құрметті ұстазға әлі де көптеген ардагерлер мен кезінде маңдай терін төгіп, бойындағы бар білімін беріп, өзі оқытқан шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, хабарласып, пікір алмасып отырады.
«Ұстаз ұлылығы – ел есінде» дегендей, бүгінгі Сыр бойының, Шиелінің жастары Ұлтай Сейілова апайдың жылдар бойғы қажымай-талмай еткен еңбегін үлгі-өнеге тұтады. Сұлулығын сақтап, әдемі, абыройлы қартаю деген осы шығар!

Балтагүл Оспанқызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
28 сәуір 2026 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№31 (9398).

28 сәуір 2026 ж.

№30 (9397).

25 сәуір 2026 ж.

№29 (9396)

21 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930