Ұстаздар ұлықталған күн
«Алты алаштың баласы бас қосқанда, төр – мұғалімдікі» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік асыл қасиеттерді, тәлім-тәрбиені бойына дарытатын ұстаздар қауымы барлық алғыс пен құрметке қашанда лайық.
Жыл сайын қазанның алғашқы жексенбісіне тұспа-тұс келетін ұстаздардың төл мерекесі биылғы жылы да ауданда салтанатты түрде аталып өтті.
Жыл сайын қазанның алғашқы жексенбісіне тұспа-тұс келетін ұстаздардың төл мерекесі биылғы жылы да ауданда салтанатты түрде аталып өтті.
Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен шараның шымылдығын аудан әкімі Н.Ахатов ашып берді.
– Құрметті ұстаздар! Баршаңызды күздің жайма шуақ күнінде аталып өтілетін төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Анадан кейін ұстаздың орны ерекше. Мұғалім білім беріп қоймай, әр адамның жүрегінде жарқын із қалдырады. Өмірдің мәні мен мағынасын, адалдық пен парасаттылықтың не екенін ең алдымен ұстаз үйретеді. Бұл күн сіздер үшін жарқын үміттердің, жоспарлардың күні болсын. Айтулы мерекеде сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Әсіресе, жас ұстаздарға үлгі-өнеге бола білген білім саласының ардагерлеріне алғысымыз шексіз, – деді аудан әкімі.
Одан әрі саналы ғұмырын ағарту саласына арнап, бала тәрбиесіне бар күш-жігерін жұмсап жүрген 15 ұстаз марапат мінберінен көрініп, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың және аудан әкімі Н.Ахатовтың «Алғыс хатына» ие болды. Мұнан соң ардагер ұстаздарды да аудан әкімі Н.Сәбитұлы марапаттап, сый-сияпат ұсынды.
Қазақ руханиятының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі Һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім», – депті. Арада бір ғасыр өтсе де Алаш арысының бұл сөзі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Қайта мәні артып, мағынасы тереңдей түсті.
Ш.Тілеубаев