Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім күні – мереке

Білім күні – мереке


Білім саласында жақсы өзгерістер көп. Бұрынғы таптаурын жолдан шыққан ұстаздар білім берудің өзгеше тәжірибелерін меңгерген. Сондықтан да болар, уақыт өткен сайын салаға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып, ұстаздардың біліктілік санатын арттыруға жете көңіл бөлінуде. Аудан көлемінде де мектептер жөндеуден өтіп, жаңалары бой көтерген. Бүгінгі таңда үш ауысымды мектептер мәселесі оң шешімін табуда.
Мінекей, жаздай дем алған балалар жаңа оқу жылын бастап кетті. 1 қыркүйек – Білім күні аудан мектептерінде өз дәрежесінде аталып өтті. Сол салтанатты шаралардың бір көрінісі аудан орталығындағы №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектепте орын алып, біздер куәсі болдық. Аталған шараға аудан әкімі Ә.Оразбекұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова мен аудандағы ардагер ұстаздар қауымы қатысты. Жиынның алғы сөзін алған аудан әкімі Ә.Оразбекұлы білім күнімен мектеп ұжымын, ата-аналарды, оқушыларды құттықтап, оқушыларға жаңа оқу жылында жақсы оқып, жаңа бағдарламаны меңгеріп, толағай табыстарға жетуге тілек білдірді. Мұнан соң, Б.Сейілханов аудан мектептеріндегі тың өзгерістерді айта келе, жылы лебізін жеткізді. Ал, мектеп директоры М.Тұрабаев мектеп қабырғасында жыл бойында орын алған жаңалықтарымен бөлісіп, ұстаздар мен оқушылардың жетістіктерін көпшілікке жеткізуге асықты. Мереке соңы 11-сынып және 1-сынып оқушыларының алғашқы қоңырау соғуымен өз мәресіне жетті.

Аманкүл ЕРЕПБАЕВА,
ардагер ұстаз.
04 қыркүйек 2018 ж. 5 113 0