Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тамыз кеңесі: Мақсаты тың тақырыптар талқыға түсті

Тамыз кеңесі: Мақсаты тың тақырыптар талқыға түсті



Бүгін аудандық мәдениет үйінде аудандағы білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Алқалы жиын басталар алдын аудан әкімі Әшім Оразбекұлы мен облыстық білім басқармасының басшысы Мелдебекова Майра Тұрғанбайқызы мәдениет үйінің фоесінде ұйымдастырылған көрмемен және компьютер арқылы әрбір мектептің жетістіктерімен танысып шықты.
Залға жиналған қонақтар мен аудан мұғалімдері алдында аудандық білім бөлімінің басшысы Сейілханов Болат Пернебайұлы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында аудандағы білім беруді дамытудың заманауи үлгісі, үдерісі және перспективасы» тақырыбында есепті баяндама жасады. Былтырғы оқу жылындағы жетістіктер мен кемшіліктерді атап өтіп, алдағы міндеттерге кеңінен тоқталған Болат Пернебайұлы білім саласындағы игі жаңалықтарды атап өтті. 
Биылғы мектеп бітіруші 892 түлектің 518-і Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысып оның 60 пайызы яғни 314 түлек мемлекеттік грантқа ие болды. Оның ішінде 141 түлек «Мәңгілік ел жастары – индустрияға – Серпін 2050» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік грантқа ие болды.
Өткен жылғы ұлттық біріңғай тестілеуге қатысқан түлектердің 57 пайызы мемлекеттік гранқа ие болса, биылғы жылы 60 пайызды құрап отыр.
Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова жиналған көпшілікті жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, баяндама келтірілген фактілер бойынша өз ой-пікірін білдірді.
Тамыз кеңесінде аудан әкімі Әшім Оразбекұлы сөз сөйлеп, ұстаздар жетістігіне лайықты баға берді. Дегенмен де аудан басшысы мұғалімдер қауымына бала тәрбиелеу жұмысын жандандыруды, психолог мамандардың әрбір оқушымен тыңғылықты жұмыс жасауын ескертіп өтті. 
Салтанатты жиын мұғалімдердің түрлі деңгейдегі марапаттау рәсімдеріне ұласты. Ұстаз деген ұлы есімге кір келтірмей, шәкірт тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп жүрген бір топ педагогтерге аудан әкімі Әшім Оразбекұлы «Алғыс хаттар» табыс етті. 
Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» үздік білім қызметкерлерін марапаттаса, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының 20 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгісі Жаңабаева Гулзира Есенкелдіқызына табысталды.
Сонымен бірге, 2018 жылғы Ұлттық Біріңғай Тестілеу қорытындысы бойынша таңдау пәндерінен жоғары балға қол жеткізген оқушылардың он ұстазға аудан әкімінің силығы (ноутбук) берілді.

Шиелі аудан әкімдігінің фейсбук парақшасынан алынды
27 тамыз 2018 ж. 2 595 0