Аудан бойынша биылғы мектеп бітіруші түлектердің 78-інің таңдауындағы университет
Апта аяғын ала бере аудандық мәдениет үйінде Сыр өңірінің іргелі қарашаңырағы, тарихы терең, кәсібилік пен еңбек нарығына түрлі мамандық иелерін дайындайтын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінің оқытушы – профессорларының қатысуымен кездесу кеші өткізілді.
Кеш барысында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі бірінші проректоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент А.Жүнісов және археология және этнология ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Ә.Тәжеккев қабырғалы оқу орнының жетістіктері, озық тәжірибелері жөнінде кереметтей ойларын ортаға салды.
Дәстүрге айналған алқалы жиынға білім саласының ардагерлері, білім ұйымдарының басшылары, ұстаздар, бітіруші түлектер қатысып, көкейіндегі сұрақтарға түшымды жауап алды.
Өткізілген жиын үздіксіз білім беру жүйесіндегі сабақтастықты жалғастырып, кездесу барысында еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың болашағына бағдар болар келелі мәселелер талқыланады. Осы тұста сандарды сөйлетсек, биыл аудан мектептерін 890 оқушы бітіріп, болашаққа қадам басады. Оның 520 оқушысы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысса, осы түлектердің 78-і Қорқыт Ата атындағы Мемлекеттік Университетті таңдап, оқуға ықылас білдіруде.
Сонымен қатар, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқып, білім алып, білімі мен тәжірибесін жас ұрпақтың бойына сіңіре білген 10 ұлағатты ұстаздарды Университеттің «Үздік түлек» төсбелгісімен марапаттады.
ДИНА ЖҮСІПОВА.