Білім – бүгінгінің басты қажеттілігі
Өткен сенбі күні №47 Ломоносов атындағы мектепте «Білім беру жүйесін модернизациялау: алғышарттар мен ұсынымдар» тақырыбында мәжіліс отырысы өтіп, оған аудан әкімі Ә.Оразбекұлы, облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев және бөлім басшылары мен мектеп директорлары, ұстаздар қауымы қатысты.
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп білім алудың маңыздылығын нықтап айтқан болатын. Бүгінгі өмір сүріп жатқан ХХІ ғасыр білімді азаматтарды талап етсе, осы тұста бұл жастарды тәрбиелейтін ұстаздар қауымына артылар жүк ауыр.
– Өз кезегінде сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов «3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтыдық десек те, бала тәрбиесін оңай кәсіпке айналдырып, мемлекеттік бағдарлама мен стандартты қамтамасыз етпейтін, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын құрылтайшылар мен мамандардың бар екені қынжылтады. Бұл саланы жетілдіру, сұранысқа сай жұмыс жасау мәселелері кемшін. Сонымен қатар, ауданда апатты жағдайдағы мектептер жоқ болғанымен, бала санының өсуіне байланысты үш ауысымға ауысу қаупі бар мектептерді анықтап, мониторинг жүргізілуде.
Соңғы жылдары ауданның орта балл көрсеткіші – облыстың орта балынан төмен болып келеді. Педагог кадрлардың білімінің төмендігі, оқу бағдарламалары мен стандарты толық орындалмайтындығы, ауданда математика, орыс тілі пәні мұғалімдерінің жетіспеушілігінің қалыптасуы ҰБТ-да көрініс табуда. ҰБТ-ға оқушылардың дайындығын (психологиялық, әлеуметтік т.б.) тиімді жүргізу бағытында ұсыныстар енгізетін боламыз», – деді.
Екінші мәселе бойынша № 47 мектеп-лицей директоры С.Апбасова өз мектебінде жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасы және деңгейлік бағдарлама идеясы аясында педагог кадрлармен инновациялық әрекеттерді жүзеге асыру және Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін іске асыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтты.
Үшінші мәселе бойынша Назарбаев университетінің ұйымдастыруымен 4 қыркүйек пен 17 қараша аралығында ағылшын тілі курсынан өтіп келген №127 Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Мөлдір Дайрабаева да хабарлама жасап, өз ұсыныстарын білдірді.
Ерұлан ДАТКЕН.