Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Математика ғылымының жарық жұлдызы

Математика ғылымының жарық жұлдызы

Жалпы, адамзат тарихына үңілсек, математика ғылымының кіндігі де, тұсауы да кесілген жер – ертедегі Шығыс, яғни ежелгі Египетте, Финикияда, Қытай мен Индияда, екі өзен аралығындағы Вавилонда алғашқы математикалық тұжырымдар пайда болған. Сайын далада көшпелі ғұмыр кешкен біздің ата-бабаларымыз үшін де математика ғылымы жат болмаған. Қазақ – тумысынан математик, дарынды да қарымды халық. Оған ешкімнің дауы болмаса керек. Қай дәуірді алсаң да, қазақтың қайраткерлері айбынымен де, айбарымен де, ақыл-парасатымен де, қарым-қабілетімен де дараланып тұрады. Ғылымды өмірінің мән-мағынасына балаған, мамандығын ар туындай ұстаған Асқар Жұмаділдаев «Қазақ балалары математикаға өте қабілетті келетіні рас. Қазақ – ілім-білімнің кез келген саласына бейім халық. Оның бір себебі – біздің ұлтымыздың өз тарихында көп сұрыпталғанынан. Небір алапатқа ұшырадық. Мұндай құбылыс адам бойында ширығуды, өмірге, қоғамға икемделе өмір сүруге деген ішкі түйсікті оятады. Ішкі түйсік логикаға, ал логика есепке жетелейді», – деген болатын. Сондай-ақ, ол ертедегі қазақ жылқышыларының алдынан ағын судай жөңкіліп өтіп жатқан үйір-үйір жылқыны көзбен «іліп» санап үлгеретіні және ойыншы жігіттердің «теңге ілу», «жамбы ату» ойындарында теңгені қапысыз іліп алу не жамбыны қағып түсіру үшін белгілі бір арақашықтықты, ағызып келе жатқан аттың жылдамдығын, қас-қағым уақытты асқан дәлдікпен есептеп әрі тепе-теңдік сақтауы қазақтың асқан математикалық интуицияға, қабілетке ие болғанын дәлелдейтіні жөнінде де әдемі пікірлерін білдірген.
Белгілі қазақстандық ғалым, қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарырының докторы, професор, академик Асқар Серқұлұлы 1956 жылы 25 ақпанда дүниеге келген. Оның атасы Шоң өңірге белгілі адам болған деседі. Асқар Жұмаділдаев жастайынан білімге құштар, зерек, алғыр болып өскен-ді. Бүгінгі таңда атақты академик, математика саласының майын ішкен ғалымның білім алған алтын ұясы мен туған жерінің шоқтығы осындай ұлы тұлғасымен айшықтала түскендей. Елбасы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» десе, осы үдеден шығып, жас буынды сары далада ұшқан құс, жүгірген аң, жауған жаңбыр, соққан желді есептеуге үйретуден жалыққан емес. Сонымен қатар, Германиядағы Гамбург, Мюнхен, Билефельд университеттерінің профессоры болды. Кэмбридж университетінің жанындағы Ньютон институтында, сондай-ақ, Италиядағы А.Салам атындағы халықаралық теориялық физика орталығында, Швеция корольдік Ғылым Академиясының Миттаг-Леффлер атындағы математика институтында, Канададағы Фильдс атындағы математика институтында қызмет атқарып, лекциялар оқыған. Ол «Төрткен» және «Төртқара» алгебрасын ойлап шығарған қазақтың тұңғыш математигі. Бұл – әлемдегі тұңғыш қазақша атауы бар алгебра!
Ұлы дала академигінің сан қырлы келбеті көпшілікке аян. Оның ерекше қарым-қасиетінің бірі ақындық өнері.
Сөз құраған көп қазақтың бірі болам,
Бала-шаға қамын жеген тірі болам.
Алла жалғыз, Абай жалғыз, күмәнім жоқ,
Әл-Хорезми жолын қуған ірі болам, – деп әлемге жар салған Асқар Жұмаділдаев жайлы марқая, жігерлене, сүйсіне сөз қозғаймыз. Киелі Шиелі жерінің тумасы деп мақтанамыз. Жомарт табиғаттың өзі жарық дүниеге тым сирек, сараң сыйлайтын дархан дарын иелері болады. «Олар – өзгелерден озық, оқшау тұратын, есімі ел аузында ертегіге айнала жаздаған, туған халқының мерейі мен мақтаны болғандай тамаша таланттар», – деп Зейнолла Қабдолов бекер айтпаса керек. Сондай сирек ұшырасатын ірі де іргелі тұлғалардың бірі – Асқар ағамыз. «Ақын жанды болмаған адам математик те бола алмайды», – деп айтқан орыстың ұлы математик қызы София Ковалевскаяның осы сөзі біздің өңірдің азаматына арналғандай.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
20 желтоқсан 2017 ж. 1 958 0