Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елжандылық туған жеріңнен басталады

Елжандылық туған жеріңнен басталады

Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу қазақ халқының әлмисақтан жалғасқан салты. Ол – ұлттық санамыздағы қастерлі ұғым. Туып-өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар аз емес. Олар туған жерге, туған елге қызмет етудің бірегей жолы – адал еңбек деп біледі.
Елжандылықтың тамыры кіндік қаны тамған жерді, өскен өлкені сүю, оған құрмет таныта білу. Елбасы мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасы осыған үндейді. Бұл орайда, туған өлкенің өркендеуіне өздігінен үлес қосып жүрген кәсіпкелер де жоқ емес екені көңіл қуантады.
Елбасы мақаласы болашақтың бағдарын айқындады, рухани жаңғыру жолын белгіледі. Ұлттық болмыс пен жаһандану үдерісінің арпалысында қазақ халқының ұлттық танымына арқау болған құндылықтарды игере білу, насихаттау – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы.
Туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекен – алтын бесігін бір сәт те естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні сөзсіз. Өйткені, азамат бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағынан дариды.
Елбасы мақаласындағы осы бір құнды бағдарламаны насихаттау мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды шаралар мен акциялар ұйымдастырылып жатыр. Біздің облыстың өзінде «Туған жерге тағзым» тақырыбы аясында бірнеше күннен бері Қызылорда қаласы мен аудандарда маңызды рухани кездесулер өткізілуде. Соның бірі бейсенбі күні Шиелі аудандық мәдениет үйінде өтті.
Жалпы, ауданда ел таныған азаматтардың кездесуін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұл жолғы шараның мақсаты – киелі Шиелі өңірінен шыққан танымал тұлғалардың жеткен жетістіктерін аймақ жастарына үлгі етіп, оларды туған жеріне қолдау көрсетуге шақыру болып отыр.

АУДАН МАҚТАНЫШТАРЫ АТАЖҰРТТА
Жиынға академик, ғалым, қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев, «Қазақстан Жазушылар одағының» Қызылорда облысы бойынша филиалының төрайымы, «Қызылорда» телеарнасының редакторы Қаршыға Есімсейітова және белгілі кәсіпкер Бегман Қауасұлы мен айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан арнайы келді. Жиынды ашқан аудан әкімі Әшім Орзбекұлы:
– Туған топырақты қастерлеу – қазақ халқының ата-бабадан жалғасқан салты. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген дана халқымыз. Осы қағиданы ұстанған әр адам атамекен – алтын бесігін естен шығармай, оған өзін мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні ақиқат. Бүгінде киелі Шиелі топырағынан түлеп ұшқан абзал азаматтар әр салада еңбек етіп табысқа жеткен танымал жандарға айналған. Атажұрттағы қалың ел оларға тілекші. Жырақтағы жерлестерінің жетістіктерін әрдайым мақтан етіп келеді. Республикамыздың мәртебесін арттыруға бағытталған тағзым шараларына ауданымыздың ірі кәсіпкерлері, танымал ғалымдар, мәдениет пен спорт саласының өкілдері атсалысып, туған ауылының, кіндік қаны тамған жерінің түрлі мәселелерін шешуге үлес қосып жатыр. Мұның барлығы қоғамды жасампаздыққа жұмылдыратын, елдігімізді нығайтатын игі істер. Елбасының игі бастамасын іске асыратын, елге жанашырлық танытатын өздеріңіз секілді азаматтар. Бүгін өнегелі істеріңіз бен пікірлеріңізді ортаға салуға шақырамын, – деді. Одан соң мінбеге шыққан аудан мақтанышы Асқар Жұмаділдаев:
– Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын ауданымыздың көшелері батпақ, суы жоқ, жарығы жанбайтын. Қазір келген сайын бір өзгерісті байқаймын. Ағаш та өспейтін, қазір жан-жағымыз көгеріп, тал-теректер жайқалып тұр. Ал, көңілімнің хошына келетіні ол – ауылымның халқы. Пейілі таза, көңілі дархан, қолы жомарт жандар көп арамызда. Бүгінгі өткен «Туған жерге тағзым» форумы арқасында кіндік қанымыз тамған елімізге келдік, аз да болса қолымыздан келгенше жасап жатқан тіршілігімізді сіздерге арнаймыз. Ауданның қазіргі индус­триалды аймаққа айналып жатқан көрінісіне қарап, тек агроөнеркәсіппен ғана шектелмей, үлкен-үлкен зауыттар мен кәсіпорындардың ашылып жатқанына қуаныштымын. Біздің ауылдың азаматтарының осы деңгейде еңбек ете алатынына мақтанамын. Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» десе, мен Қызылордамды қазақ елінің қарашаңырағы» дер едім. Туған жерде магнит болады. Қайда барсаң да ол өзіне тартып, шақырып тұрады», – деді, алғашқы қазақ алгебрасының авторы. Жиын барысында А.Жұмаділдаев «Туған жер», «Шиелі», «Тұманбайға» секілді бірнеше өлеңдерін оқып, қатысушылардың көңілін бір серпілтті. Келесі болып сөз алған ауданның тумасы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген тұлға, ақын, жазушы Қаршыға Есімсейітова:
– Шиелінің топырағы құнарлы. Өйткені, бұл жерден бүкіл әлемді аузына қаратқан Мұстафа Шоқай түлеп ұшқан. Одан бөлек қаншама ақын-жазушыларды, керемет саяси тұлғаларды, бүгінгі күннің батырларын дүниеге әкелген өлке. Осыдан 2-3 жыл бұрын басталған «Туған өлке» атты авторлық бағдарламамды түсіру барысында облысымыздың небір тарихи жерлеріне куә болдым. Тіпті, біздің заманымызға дейінгі адамдардың тіршілік еткен жерлерінде болдық. Рухани жаңғыру ол – өткенді қайта жаңғырту, оның тарихын ұрпаққа түсіндіру. Осы тұрғыда да біздің ауданда жақсы жұмыстар жасалып жатыр, – деді.

ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚҚА БЕТ БҰРҒАН ӨЛКЕ
Қазіргі таңда Шиелі индустриалды-аграрлы өңірге айналып келеді. Ауданның экономикасына үлес қосып жатқан ірі кәсіпорын басшылары аз емес. Солардың бірі – аудандық мәслихат депутаты Д.Жұмбеков Ақмая ауылынан құны 70 млн. теңге тұратын, Алғабас ауылының азаматы Ж.Машрапин 120 млн. теңгеге спорт кешендерін салып берсе, Бестам ауылында да осындай жоба жасалуда. Сондай-ақ, Жөлек елдімекенінде бірнеше ерікті азамат ауылына пайдалы іс жасамақ ниетпен өз қаржыларына спорт клубының құрылысын бастап кеткен. Жалпы, аудан басшысының айтуынша, биылғы жылдың өзінде қайырымдылық жобаларына 200 млн. теңгеден аса қаржы жұмсалған. Мұндай игі жобалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Өз кезегінде сөз алған кәсіпкер Б.Қауасұлы:
– Баршаңызды алда келе жатқан тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Біздің осылай елге келіп, есеп беріп, сіздермен жүздесіп жатқанымыздың бірден-бір себебі – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы болып отыр. Әсіресе, онда көрсетілген «Туған жерге тағзым» бағдарламасы көптің көңілінен шықты. Кіндік қаны тамған жерінде игі іс жасау әр перзенттің міндеті. Ауданның дамуына өз үлесімді қосуға қашанда дайынмын, – деді.
Мұнан соң жас айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан өзінің осындай тарихи, киелі өңірде дүниеге келгенін мақтан тұтатынын, Шиелі халқының айтыс өнерін ерекше бағалайтынын айтты. Туған жерге арнаған бірнеше өлеңдерін оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
20 желтоқсан 2017 ж. 1 863 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031