Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

Ұстаз


Кешегі кеңестік идеологиямен өмір сүріп, еңбек еткен азаматтардың көпшілігі қазақстанның дамуына, халық тұрмысының көтерілуіне, тәрбие, білім беру ісінде өздері өмір сүрген өңіріне қомақты үлес қосқандығы белгілі. Ел тұрғындарының басым бөлігі Кеңестік кезеңде өмірге келіп, білім алған. Еңбек жолын бастаған. Зейнеткерлікке шықса да, мемлекетіміздің өсіп өркендеуіне, дамуына өз үлесін қосып, қатардан қалмай келе жатқандардың легі аз емес. Әсіресе, адамдардың білім деңгейінің өсуі, қоғамдағы түрлі топтың арасындағы әлеуметтік қатынастарды жақсарту өзіміздің тарихи жүгіміздің негізі деп білгеніміз жөн. Екі дәуірдің де талаптарынан шыға білген жандарды тәуелсіз елдің ұрпақтары құрметтеп, бағалай білуі керек.
Міне, осындай ерен еңбегімен жас ұрпаққа тәрбие берудегі жарты ғасырдан астам халқының құрметіне бөленген, көп жылдар аудандық білім бөлімінде әдіскер болып, сексеннің сеңгіріне шықса да, ел тілеуін тілеп отырған ұстаз-ана Ұлтай Төлегенованың жүріп өткен өмір жолына көз жүгіртсек.
Ұлтай Төлегенова 1936 жылы 10 сәуірде Қызылорда облысында сұлу сырдың мақтанышы Шиелі топырағында дүниеге келген. Қазіргі Бидайкөл ауылында орта мектепті тәмамдап, 1953 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына түсіп, жаратылыстану факультетін химия-биология мамандығы бойынша 1957 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын Жамбыл облысында «Луговой» орта мектебінде мұғалім болудан бастайды. 1960 жылдан бастап өзінің тәлім алған №148 ­Гигант мектебіне келді. Ұлтай апайдың өзі оқытқан пәндерінен жан-жақты әрі терең білім беруге ұмтылғанын байқаймыз. Ол аудандық, облыстық, республикалық, тіпті одақтық педагогикалық оқуларға және семинарларға белсенді қатысуы мен тәжірибесі нәтижесінде Шиеліде педоқулар ұйымдастырды. Ұлтай апайдың табандылығы, оның өз пәніне деген құштарлығы жасаған еңбегі ескеріліп, 1968 жылы үздік еңбегі мен озық тәжірибесі үшін Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері төсбелгісімен марапатталды. 1971 жылдан бастап аудан көлемінде химия және биологияны оқытудан тәжірибесін әріптестерімен бөлісу мақсатында Шиелі аудандық оқу бөліміне қызметке шақырылады. Осы жерде химия, биология пәндерінің әдіскері, оқу инспекторы, методика бөлімінің меңгерушісі лауазымдарын атқарады. 1971-1991 жылдары аралығында 20 жыл оқу бөлімінде қызмет істеді. Шиелі аудандық білім бөлімінің мектептердегі оқу-тәрбие жұмысын басқару мен ұйымдастыру жөніндегі іс тәжірибелерін облыс көлемінде тарату мақсатында педагогикалық қоғамының облыстық қауымдастығы басып шығарған «Жігерлі басшылық табысқа жетелейді» деген кітапшасы жарық көрді.
Ұлтай апай аудан хим-биологтарының көшін бастап тұрғанда ауданымыздан Республикаға, Одаққа белгілі мықты ұстаздар шықты. №150 «Ортақшыл» орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Кенже Парманқұлова бүкіл одақтық съезге делегат болды. Кенженің сабағына Республика әдіскерлері «Құм арасындағы кішкентай ауылдағы мектепте химия сабағы Москва мектептерімен тең дәрежеде өтіледі» деп Кенжеге таза баға берген еді. Сол сияқты №50 «Абай» атындағы химия пәнінің мұғалімі Тазабек Кенжеғараевтің тәжірибесі Республикаға тарап, журналдардан жарық көрді. Ұстаздың қамқорлығын көріп, ақыл кеңесін алғандар лауазымды қызметтерді атқарып жүр.
Ұлтай апайдың ерекше қыры өзінің жеке кітапханасы болған. Қызы Баян Керімбайдың естелігінен «Менің анашым кітапты өте жақсы көреді. 12 томдық Қазақ Совет Энциклопедиясы, 4 томдық Абай жолы романы (ең бірінші басылымынан бастап жаңа басылымдары түгел). М.Әуезовтың еңбектері түгел, Ілияс Есенберлин, Б.Майлин, Ғ.Мұстафин, Ә.Кекілбаев, С.Жүнісов, М.Мағауин т.б классиктердің кітаптары болды».
Ұстаз ескерусіз қалған жоқ. 1978-1980 жылдары Қазақ ССР-нің «Ерен еңбегі үшін», «Үздік еңбегі үшін» медальдарымен, 2015 жылы Қазақстан Рес­публикасы Президентінің жарлығымен «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз атты өзінің ізгі істерімен үлгі бола отырып, аты аңызға айналған Ұлтай апайдың адамдық қасиеті мен мамандық қабілетінің біте қайнасуы – ұрпаққа өнеге.
Шиелі ауданының білім саласында маңдай терін төгіп, нағыз ұстаз ретінде еңбек етті. Бар білімін, әдістемелік іскерлігі мен шеберлігін, шәкірттерімен аудандағы барлық химия және биология пәндерінен сабақ беретін мұғалімдерге дарытты. Аудан білім саласының жоғары деңгейде көрінуіне, ұстаздардың кәсіби деңгейін көтеруге және жас ұрпақ тәрбиесіндегі еткен еңбегі зор. Қазір сексеннің сеңгіріне шықса да елдің тілеуін тілеп, мәуелі бәйтерекке айналған оны кейінгі ұрпақ ұмытпай, өздерінен кейінгі жастарға үлгі етеді. Жанымызда жүрген жақсы адамдардың еңбегін ел есіне түсіріп, жақсы істерін өнеге ету – ұрпақ парызы.

Айжамал Әбдіхамитқызы

25 ақпан 2020 ж. 381 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (9188)

23 наурыз 2024 ж.

№23 (9187)

19 наурыз 2024 ж.

№22 (9186)

16 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031