Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аграрлық колледж алпыста

Аграрлық колледж алпыста


Бүгінгі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Бұл ретте, Елбасы жыл сайынғы жолдауында білім саласына ерекше басымдылық беріп, жастардың білім-біліктілігін жетілдіру үшін барлық жағдай жасауда.Мемлекет әсіресе, жастарды оқуға, ғылым мен білімді игеруге, сондай-ақ, жаңа технологияны күнделікті өмірде тиімді қолданып, мүмкіндіктерді пайдалануға ықпал етуде.
Осы тұрғыда Шиелі индустриалды-аграрлық колледждің тынысы адам танымастай өзгеріп, уақыт өте келе еңбек нарығы мен заман талабына сай ілгерілеп өсу сатысында дамып келеді.Колледж іргетасын 1958 жылы Бәйкеқұм қыстағында аудан ұжымдары мен мекемелеріне ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын №97 селолық кәсіптік техникалық училище болып құрылған болатын. Кейін 1980 жылы Шиелі қыстағында жаңа типтегі оқу орнына көшіріліп, мамандықпен қоса орта білім беретін оқу орнына айналды. Содан бері аграрлық бағытта ауыл шаруашылығының кең профильді білім ордасы ретінде 60 жылдан бері қызмет етіп келеді. Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі болашақ мамандарды жоғарғы деңгейдегі білім сапасымен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру кадрларының бәсекеге қабілеттілігін көтеру басты мақсаттарының бірі. Жас­тарды еңбекке құрметпен қарауға тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатуда. Сондықтан болар бұл оқу орын қоғам сұранысын өтеп, өндіріс орындарына 9 түрлі мамандық бойынша мамандар дайындауда.
Білім ордасының 60 жылдық мерейтойына, сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғы­ру» атты мақаласының аясында, Астана қа­ласының 20 жылдығы, Шиелі ауданының 90 жылдығына орай, Қызылорда облыстық білім басқармасының кубогы үшін техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындары арасында волейболдан жарыс өткізді. Шараны аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, колледж директоры М.Дүйсенов, Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Шынтасов ізгі тілектерін білдірді. Ойын барысы тартысты әрі қызықты өтті. Ақтық сынға шыққан командаларды колледждің акт залында марапаттады. Бірінші орын мен ауыспалы кубокті Жаңақорған аграрлы-техникалық коллед­жі командасының қанжығасына байланды. Жеңімпаздар кубогын колледж қабырғасында жаңадан ашылған Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мұражайға естелікке қалдырды. Бұл ойынның басты мақсаты – колледж қызметкерлері арасында әріптестік, ынтымақтастық, сыйластықты жоғары деңгейде қалыптастыру болды.
Соңғы екі жылда Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің материалдық-техникалық базасы жақсарып, аграрлық сала мамандарын даярлауда көш ілгерілеп тұр. Колледж өз түлектерінің толық жұмыспен қамтылуына үлкен мән беріп, басты назарда ұстауда. Келешекте оқу ордасы биік белестерден көріне беруді мақсат тұтады.
Ж.Ноғайбайқызы.
09 маусым 2018 ж. 3 481 0