озық білімге жол ашық
Әрбір Жолдау – Қазақстанды дамытуға арналған қадамның қорғаушы күші. Елбасы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында бүгінгі күнгі өте маңызды он саланы санамалап айтып берді. Соның ішінде жастардың білім алуына барынша жағдай жасалғанын аңғаруға болады. Адами капитал – жаңғыру негізі деп саналатын жетінші мүмкіндікте «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет делінген. Яғни, дамыған отыз елмен иық тіресуге ұмтылуымыз керек. Оның бірінші жолы – білім.
Білім – өмір нәрі. Ол – болашақта жейтін наның. Біз бұл сөздерді күнделікті үлкендерден естіп жатамыз. Мемлекет басшысы техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарта отырып, жастарға алғашқы мамандықты беруді көздеп отыр. Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады. Бүгінгі таңда мен Шиелі индустриялы-аграрлық колледжінде модельер-пішуші мамандығы бойынша білім алудамын. Шалғай елді мекенде орналасқан студенттерге жатақхана да қарастырылған. Жолдауда айтылған цифрлы жүйе барлық саланы қамтып, бармақпен басқаратын күн туатынына сенемін. Сондықтан, ұстаздар қауымы мен бұқаралық ақпарат құралдары ІТ-технологияның құдіреті мен құзіретін кеңінен түсіндіріп келеді. Болашақты жасайтын жастардың білімін арттыруға ден қойған Елбасының жыл сайынғы Жолдауы жаңарып, жаңғыруға жол ашып келеді.
Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашақ жастардың қолында», – деп қазақ жастарына барынша жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Сөзімнің дәлелі «Болашақ» бағдарламасы, жыл
сайын жоғарғы оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік гранттар, одан бөлек әсем әрі көрікті мектеп ғимараттары, сондай-ақ, тегін кәсіптік білім алуға мүмкіндік жасауда. Білім іздеп, ілім қуған барша жастарды Жолдауда көрсетілген мүмкіндіктерді жүзеге асыруға шақырамын!
Аруна Маманова,
Шиелі индустриялы-аграрлық колледжінің бірінші курс студенті.