Келешектің кілті, болашағымыздың бастауы
Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдаудағы әрбір сөзі, айтылған мәселелері ел келешегінің жарқын болуына бастайтын қадам. Сол себепті, өзіндік жаңалықтарымен, жаңа идеяларымен еліміздің өсіп-өркендеуіне негіз болатын Жолдауды асыға күтетінім бар. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы 10 басым бағытты айқындап, оларды жүзеге асырудың тетіктерін нақты көрсетіп берді.
Бұл Жолдаудың негізгі мазмұны – қазіргі жаһандық дәуірде әлем елдерінің көшінен қалмай, дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуді мақсат еткен. Ол үшін ғылыми-техникалық, ақпараттық-технологиялық салаларды дамыту қажеттігін атаған. Жолдау жолдарында көрсетілген мәселелер қазіргі заманға лайықты даму бағытында оң өзгерістер мен дамуға бастайтын маңызды бағыттар көрсетілген. Соның ішіндегі жетінші міндетте білім берудің жаңа сапасы адами капитал екені айтылған.
Иә, бүгінгі таңда мемлекет алдында күрделі әрі жауапты міндет тұр. Ол – ұлттық бәсекеге қабілеттілік. Ал, оған қол жеткізудің бір тетігі – білім беру жүйесін жаңа сапаға көтеру. Осыған орай аудандағы №47 мектептің күрделі жөндеуден өткен ескі ғимараты дарынды балаларды оқытатын білім ордасына айналмақ. Яғни, білімге құштар, болашағынан зор үміт күттіретін балалардың басын қосатын білім ошағы болмақ. Бұл да бір болашаққа деген бір қадам деп білеміз.
Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауда көтерген мәселелерді жүзеге асыру үшін әрбір қазақстандық атсалысуы керек. Өйткені, ол келешектің кілті, болашағымыздың бастауы. Жолдауға қолдау көрсетіп, оны жүзеге асыру әрбір қазақстандықтың парызы.
Ербол ЖЕҢСІКБАЕВ,
аудандық мәслихат депутаты.