Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕОРИЯМЕН ҰШТАСҚАН ТӘЖІРИБЕ

ТЕОРИЯМЕН ҰШТАСҚАН ТӘЖІРИБЕ


Бүгін Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде «Тұтқыр және сусымалы материалдарды химиялық өндіретін машиналар мен жабдықтарды пайдалану» мамандығы бойынша жинақталған оқу тобының бітіру салтанаты болып өтті. Салатанатты шараға аудан әкімі Әшім Оразбекұлы, «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясының директоры Ли Цзиньцин, колледж директоры Мейрамхан Дүйсенов қатысып, бітірушілерге куәліктерін тапсырды. Атап кетсек, үстіміздегі жылдың қазан айында облыстық «Кәсіптік білім және бизнес: әріптестер сұхбаты» форумында Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі мен «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясы арасында жұмысшы мамандарды даярлауда әріптестік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Осы келісім аясында 2018 жылдың қаңтар айынан жоғарыда аталған мамандық бойынша оқу тобы жасақталып, 47 білім алушы қабылданды. Міне, бүгінгі күні сол білім алушыларға куәліктер табысталып, өндірістік тәжірибені Қытай Халық Республикасында өтеуге жолдама алды.

Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы осында білім алып, сол білімін Қытайда тәжірибемен ұштауға бара жатқан жастарға үлкен сенім артылып отырғандығын жеткізді. «Сіздер «Гежуба» компаниясының Орта Азияда теңдесі жоқ, Қазақстанда, оның ішінде алғаш Шиеліде ашылып жатқан тампонажды цемент зауытының қалыптасуының алғашқы сатысы болмақсыңдар. Қытай еліндегі өндірістік тәжірибелеріңізді тиянақты бітіріп, өздеріңіздің және тұтас елдің абыройына нұқсан келтірмейтіндеріңізге сенеміз», – дей келе, бітірушілерге ақ жол тіледі Ә.Оразбекұлы. Одан әрі, «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясының директоры Ли Цзиньцин және колледж директоры Мейрамхан Дүйсенов сөз сөйлеп, ақ тілектерін білдірді.

Бақытжан ЖОЛАМАНҰЛЫ.     
28 сәуір 2018 ж. 3 266 0