Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа зауытқа мамандар қажет

Жаңа зауытқа мамандар қажет



Биыл ауданның құрылғанына 90 жыл. Ғасырға жуық өлкенің өнеркәсібі өркендеп, күннен-күнге экономикасы да артып келеді. Жұмыссыздар саны азайып, кәсіпкерлік кең қанат жаюда. Сондай толайым істің таудай бір көрінісі Шиелі
ауданынан бой көтеріп жатқан «Гежуба-Шиелі цемент» өндіру зауыты. Цемент – құрылыстың негізгі тұтынушы азығы екені барлығына белгілі. Елімізде отандық цемент зауыттарының көп болуы, олардың өнімдері негізінде көптеген құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын дайындауға, тұрғындық және өнеркәсіптік, ауылшаруашылық және гидротехникалық құрылыстардың өркендеуіне, халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистраль жолының инфрақұрылымын ары қарай дамытуға, бірнеше жүз және мыңдаған жұмыс орындарын ашуға ерекше мүмкіндік береді. Қазіргі кезде, осы маңызды құрылыс материалын өндіруде Қазақстан Республикасы халық саны жағынан бірнеше есе көп Украина және Өзбекстан мемлекеттерін басып озды. 2017 жылы Қазақстан Республикасында шамамен 9,5 млн. тонна цемент өндірілді. Нәтижесінде, дайын өнімді шетелдерде, оның ішінде Өзбекстанға экспорттау көлемі бірден артты.
Қазіргі таңда, Шиелі және Жаңақорған аудандарында цемент өндіру және Қызылорда қаласында шыны өндіру зауыттары тұрғызылуда. Сонымен қатар, керамика және сода шығару зауыттары салынады. Қытайлық инвесторлардың қолдауымен Шиелі кентінде «Гежуба-Шиелі Цемент» ЖШС мекемесі жобалық қуаты жылына 1 млн. тонна цемент өндіретін заманауи құрғақ тәсілмен жұмыс істейтін зауыт құрылысын 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды жос­парлауда. Аталмыш зауыт іске қосылғаннан кейін шамамен 300 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілетін болады.
Құрылысы аяқталуға таяған өндіріс орнына негізгі жұмысшы мамандарды даярлау Шиелі индус­триалды-аграрлы колледжі базасында жүргізілуде. Бүгінгі таңда аудан тұрғындары арасынан алдын-ала іріктеліп, алынған 50 адам жеделдетілген түрде цемент технологиясының ерекшеліктерін, негізгі құрал-жабдықтардың құрылысын және жұмыс істеуін үйреніп, қытай тілін де меңгеруде. Ал, болашақ жұмысшы мамандарды цемент технологиясының негізі бойынша оқытуды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Цемент, керамика және шыны технологиялары» кафедрасының түлегі, цемент өндірісінің тәжірибелі маманы Мақсат Нұрсейтов қолға алған. Жетік білім алған мамандар жұмысты толықтай меңгеру үшін Қытай елінде тікелей жұмыс орындарында үш ай тәжірибе жинақтайтын болады.
Қытай компаниясының басшылығы жаңа цемент зауытына қажетті инженерлік-техникалық мамандарды, Шымкент қаласында орналасқан көп салалы ірі жоғары оқу орны М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті базасында дайын­дауды көздеп отыр. Өйткені, бұл университетте технолог мамандардан басқа, автоматтандыру және басқару, механик, энергетик, эколог, метролог және т.б. көптеген мамандар даярланады екен. Сондықтан, мектеп бітіруші түлектерге де химия, физика сынды пәндерді таңдауды ұсынған болар едік.
Құрылысы қарқынды, тұрмысы түзу Шиелі ауданының келбеті келісіп-ақ тұр. Өз өнімін өндіріп, келелі істің қиюын келістіруде. Қимыл бар жерде қаржы, күнкөріс көзі бар деген осы болар, сірә...

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
17 сәуір 2018 ж. 1 163 0