Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданаралық тәжірибе алмасу

Ауданаралық тәжірибе алмасу

Жаңақорған – Сыр өңірінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішімен көш ілгері келе жатқан аудандардың бірі. Онда кәсіпкерлік саласы кең қанат жайғандығын 3338 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерден аңғаруға болады. Нақтырақ айтар болсақ, 239 заңды тұлға, 1160 шаруа қожалықтар, 1939 жеке кәсіпкерлер тіркелген. Бұл өңірде құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындар әртүрлі фракциялы қиыршықтас, құмды тас қоспасы, доломит т.б құрылысқа қажетті заттарды өндірумен айналысатын орындар бар. Сондай-ақ, әктас өндіретін цех іске қосылған. Кәсіпкерлік қарқынын одан әрі дамыту үшін арнайы іс-сапармен келген жаңақорғандықтарды аудан әкімі Әшім Оразбекұлы қарсы алды. Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет» – деген болатын. Осы мақсатта аудандағы бірқатар іргелі кәсіпорындарды аралаған екі аудан басшысы жеке кәсіпкер С.Ермахановтың «Ару Ана» түйе сүтін өңдеу цехының жұмысымен танысты. Түйе сүтінен өндірілетін өнімдердің сұранысқа ие екені және оны сақтаудың түрлі тәсілдерін тапқан жеке кәсіпкердің бұл ісі жаңақорғандықтардың қызығушылығын тудырды. Өнімнің сапасы да тауарлық сипаты да жақсы әрі көзге тартымды. Сондай-ақ, шетелден алдырылған қондырғылары да өте сапалы. Бұл өндіріс орнындағы мамандармен тәжірибе алмасқан кәсіпкерлер аудандағы ауқымды жобалардың бірі «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС зауытына қарай беттеді.
Өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен қолға алынған «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС томпанажды цемент өңдеу зауытының жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайды. Бұл өндіріс орны іске қосылған сәтте 260 жаңа жұмыс орны ашылып, 1 млн. тонна цемент шығарылатын болады деп аудан басшысы Ә.Оразбекұлы таныстырып өтті. Өңірдегі іргелі істің бәрі Елбасының бағыт-бағдарымен жүзеге асып келеді. Озық отыздыққа ену үшін ағымдағы жыл кәсіпкерлік жылы деп жарияланғаны да белгілі. Сондықтан, алдағы атқарылар істің ауқымы да кеңи түспек. Екі аудан басшысы кәсіпкерлікті дамыту және оны жаңа технологияға негіздей отырып, барлық жүйені цифрландыру үшін алдағы уақытта осындай іс-сапарларды ұйымдастыру жайын да сөз етті.
Одан әрі көрші ауданнан келген делегаттар аудандық спорт мектебінде болды. Елбасымыздың «Болашакққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығына арналған бас­кетболдан ерлер арасындағы аудандық ашық турнирді тамашалады. Ашылу салтанатында қос ауданның басшылары сөз сөйлеп, жетістіктерін тілге тиек етіп, спортшыларға сәттілік тіледі. Шараға сегіз команда қатысып, бақтарын сынады. Олардың арасында ОҚО, Кентау қаласы, Сауран мен Жаңақорған ауданынан келген спортшылар болса, қалған төрт команда жергілікті жердің тумалары еді. Спортшылардың арасындағы тартыс екі күнге созылды. Яғни, сенбі күні басталған турнир, жексенбі күні қорытындыланды. Нәтижесі бойынша, І орынды №270 мектеп командасы олжаласа, ІІ орынды да өзге ауданға бермей, №6 кен басқармасының командасы еншіледі. Ал, ІІІ орын көрші Жаңақорған ауданының еншісінде кетті.
90 жылдық тарихы бар Шиелі ауданының тыныс-тіршілігіне қаныққан жаңақорғандықтар кәсіпкерлікті түбегейлі жақсарту және кеңейту, жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру бағытында жұмыс жасайтындарын жеткізіп, Жаңақорған ауданының әкімі Ғ.Махмұтбайұлы алдағы уақытта екі аудан арасында нәтижелі бастамаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Гүлнәр Дүйсебай.
Ерұлан ДАТКЕН.
06 ақпан 2018 ж. 1 285 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930