Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫ – ӨНДІРІСТІҢ ӘЛЕУЕТТІК НЕГІЗІ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

«ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫ – ӨНДІРІСТІҢ ӘЛЕУЕТТІК НЕГІЗІ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

Қызылорда облысы, Шиелі ауданында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының бастамасымен жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Жұмысшы мамандығы – өндірістің әлеуеттік негізі» атты облыстық форум өтті.

Шиелі индустриялық-аграрлық колледжі базасында өткен форум жұмысына барлық аудандардан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Олар аудандағы «Қазатомпром» компаниясының өндірістік процесімен және техникалық базасымен танысты. Онда тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін арттырып жүрген студенттермен және жұмысшы мамандармен тілдесті. Бұл оқу орындары үшін ақпарат алмасуға мол мүмкіндік дейді ұйымдастырушылар.

Соңғы жылдары жұмысшы мамандықтарға сұраныс ерекше. Мемлекет тарапынан да көңіл бөлінуде. Нәтижесінде жастардың да қызығушылығы артып, осы бағытта білім алушылар саны артқан. Мәселен, Шиелі индустриялық - аграрлық колледжінде 18 мамандық, 28 біліктілік бойынша 400-ге жуық студент білім алуда. Жұмысшы мамандықтарға ынталы жастардың саны да жылдан жылға 20-30 процентке артуда екен. Ал түлектерінің басым бөлігі өндіріс орындарына жолдама негізінде жұмысқа орналасқан. Студенттердің де тәжірибесін шыңдауға да колледж ұжымы зор мүмкіндік жасап отыр. Мұны біліктілігі бойынша тәжірибеден өтіп жатқан колледждің ІІ курс студенті Өміржан Қалдыбаев та атап өтті.

«Мен автоэлектрик болып оқимын. Бүгінде бұл мамандыққа сұраныс көп. Колледж ұжымы мені нағыз мамандар арасында тәжірибеден өтуіме мүмкіндік жасады. Бұрын мамандығымнан ұялатынмын. Қазір мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтарына үлкен көңіл бөліп отыр. Замандастарыма айтатыным ештеңеден ұялмай, сұранысқа сай мамандықтарды таңдап, оқуға шақырамын», - дейді ол.

Форум барысында жиналғандар сондай-ақ колледж ауласына жаңадан орнатылған бұрғылау қондырғысының таныстырылымына және студенттерге оқыту барысына куә болды. Құны 100 млн теңгеден асатын заманауи жабдық енді сабақ барысында пайдаланылмақ. Бұл оқу орнына серіктес компанияның сыйы.

22 мамыр 2025 ж. 69 0