ЖҰМЫСШЫ ЕҢБЕГІ – ӨНДІРІС ЖЕТІСТІГІНІҢ НЕГІЗІ
«Оңтүстік ВГ» ГРЭ-23 өнеркәсіптік еңбек учаскесінде «Еңбек адамы: өндірістік әлеует және жұмысшы жауапкершілігі» тақырыбында диалог форматында кездесу өтті.Іс-шараның негізгі мақсаты еңбек адамының қоғамдағы рөлін айқындау, өндіріс саласында еңбек ететін азаматтардың жауапкершілігін арттыру, кәсіби біліктіліктің маңызын насихаттау және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру.
Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, «Волковгеология» АҚ «Оңтүстік ВГ» филиалы №23 барлау экспедициясының басшысы Ғафур Жұмабаев және аудандық партия филиалының консультанты Нұрсұлтан Сапарбаев қатысты. Жиын барысында еңбек адамының ел экономикасын дамытудағы маңызы, өндірістің тұрақты жұмыс істеуіндегі жұмысшы мамандардың үлесі және әр қызметкердің өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы туралы кеңінен сөз болды.
Аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев өз сөзінде жұмысшы мамандықтарының қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, өндіріс саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, кез келген өндірістің жетістігі – ең алдымен, өз ісін кәсіби меңгерген, еңбек тәртібін сақтайтын және ортақ іске жауапкершілікпен қарайтын мамандардың еңбегіне байланысты.
Өз кезегінде «Волковгеология» АҚ «Оңтүстік ВГ» филиалы №23 барлау экспедициясының басшысы Ғафур Жұмабаев өндірістегі еңбек тәртібі, қауіпсіздік талаптарын сақтау және қызметкерлердің кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Өндірістік үдерістің үздіксіз әрі сапалы жүруі әр жұмысшының өз міндетін жауапкершілікпен орындауына тікелей байланысты екені айтылды.
Кездесу барысында жұмысшы жастарды қолдау, еңбек мәдениетін қалыптастыру, өндірістік әлеуетті арттыру және еңбек адамының мәртебесін көтеру мәселелері де назардан тыс қалмады. Қатысушылар еңбек ұжымындағы өзара түсіністік пен бірліктің, тәжірибелі мамандардың жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беруінің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар аудандық партия филиалының консультанты Нұрсұлтан Сапарбаев құрылтай сайлауының қорытындылары бойынша ақпарат берді. Ол сайлау үдерісінің нәтижелеріне тоқталып, азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуының маңызын атап өтті. Құрылтай сайлауының қорытындылары мен алдағы міндеттер жөнінде түсіндіріліп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Диалог барысында еңбек ұжымы өкілдері өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, өндіріс саласына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, еңбек жағдайын жақсарту, жұмысшылардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасау, қауіпсіздік талаптарын сақтау және жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту бағыттары талқыланды. Жиын соңында өндірісте еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс айтылып, еңбекке деген жауапкершілік, кәсібилік пен адалдық кез келген саланың тұрақты дамуының басты негізі екені айтылды.







