ҚАРАПАЙЫМ МАМАНДЫҚТЫҢ ҚАДІРІ
Мамандық таңдау – өмірдің маңызды кезеңі, өз жолыңды тауып, сол жолда алға қадам басу. Қысқаша айтқанда, мамандық – адам өмірінің тағдырын айқындайтын шешім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп айдар тақты. Осы тұрғыда жұртшылықты «Жұмысшы мамандықтары санатына кімдер кіреді?» деген сұрақ қызықтыратыны анық.
Қазақстанда жұмысшылар санатына әртүрлі саланың мамандары кіреді. Олардың қатарында автокөліктер мен машиналарды жөндейтін механиктер, электриктер, дәнекерлеуші-слесарьлар, ағаштан шеберлікпен туындылар жасаушылар, кондитерлер, медбикелер, тігіншілер және басқалары бар. Бұл мамандықтар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда айрықша маңызға ие. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы еңбекқорлық пен мамандыққа деген құрметті күшейтеміз» деп атап өтті. Бұл сөздер қоғамда кәсібилік, еңбекқорлық секілді қасиеттердің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Өйткені уақыт тоқтамайды, оның өтуі бізден үнемі жаңаруды, біліктілікті арттыруды талап етеді. Егер осыған назар аудармасақ, санамыздың тұманға айналуы мүмкін. М е м л е к е т б а с ш ы с ы н ы ң ж ұ м ы с ш ы мамандықтарына айрықша назар аударуының астарында маңызды бір мәселе жатыр. Өйткені кез келген елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуы оның азаматтарының еңбегіне, кәсібилігіне байланысты. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру – халықтың жан-жақты дамуына әсер етеді. Және дәл қазіргі кезде, қоғамда еңбекке деген көзқарастың өзгеруі, жұмыстың қадірін түсіну мен оны лайықты бағалау маңызды. Жыл сайын көкейімізде жаңа көзқарастар мен жаңартылған білімнің қажеттілігі артып келеді. Бұл мәселенің өзектілігі мен маңызды аспектілері тереңірек қарастыруды қажет етеді. Біріншіден, жоғары жалақы мен түрлі бонустар қарапайым мамандықтардың тартымдылығын арттырудың басты факторлары. Мысалы, Швеция мен Германияда инженерлер мен техникалық мамандардың еңбегі жоғары жалақымен бағаланады. Осылайша, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік арттырылып, жұмысшы мамандықтарының беделі көтеріледі. Екіншіден, жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселесі де маңызды рөл атқарады. Канада мен Норвегия сияқты елдерде қызметкерлерге әлеуметтік жеңілдіктер беріледі. Мәселен, ақылы демалыс, медициналық қызметтерге қолжетімділік, сондай-ақ зейнетақы жүйесі сияқты әлеуметтік кепілдіктердің кең ауқымы қарастырылған. Бұл жағдайларда жұмысшылардың еңбек құқықтары заң жүзінде қорғауға алынған. Экономикалық тұрақтылық та осы процесте шешуші факторлардың бірі. Мысалы, Жаңа Зеландиядағы экономиканың тұрақты дамуы мен жұмыссыздық деңгейінің төмендігі жұмысшы мамандықтарының танымалдығын арттырып, олардың беделін нығайтады. Халықаралық ұйымдар, соның ішінде Дүниежүзілік экономикалық форум мен ЮНЕСКО, әртүрлі елдердегі жұмысшы мамандықтарының бағалану деңгейін объективті зерттеулер мен рейтингтер арқылы айқындайды. 2023 жылғы зерттеулердің нәтижесі бойынша, Скандинавия елдері (Швеция, Дания, Норвегия) жұмысшы мамандықтарына жоғары мән беретін мемлекеттер ретінде танылған. Қазақстан да бұл мәселеге назар аударып, жұмысшы мамандықтарын дамыту жолында қадамдар жасап келеді. Еңбек кодексі – жұмысшы құқықтарын қорғаудың негізгі құралы, онда жұмыс уақыты, демалыс, еңбек шарттары мен қауіпсіздік сияқты маңызды мәселелер реттелген. Сонымен қатар, Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесі жұмысшылардың мүддесін қорғауға бағытталған. Олар зейнетақы қорларына міндетті түрде жарна аударады. Бұл болашақта тұрақты қаржылық қолдау алу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жұмысшылар сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізеді. Еңбеккердің ең қымбат қазынасы – өз еңбегі мен табандылығы. Оны тек жұмыс күнімен өлшеп, қарапайым тірлікпен шектей алмаймыз. Еңбек адамы – бұл тек істің адамы ғана емес, арман қуған, үнемі алға ұмтылатын жасампаз тұлға. Ол – күнұзақ қара терін төгіп, еңбек жолында табандылық танытатын, өз мақсатына жетуге тырысатын адам. Тіршіліктің ауыр салмағын да, жолының қиындығын да қайыспай көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қосады. Қайда болса да, ол өз ісінің шебері, мақсаткер, өзіне берілген міндетті соңына дейін атқаратын адам. Әр ісінде қарапайымдылық пен адалдықты ұстанатын бұл жандар өздері жасайтын жұмыстың мән-мағынасын терең түсінеді. Жұмыс барысында олардың көзіне тек арман мен мақсат көрінеді, ал қалған нәрсе – тек құрал. Еңбек адамының қажыр-қайраты даңқын өсіреді. Олар ұдайы халықтың дамуы мен өркендеуі үшін табандылықпен тынбай еңбек етеді.
Өз тілшімізден