ЖЫЛ ҮЗДІГІ – МАРАПАТ ТӨРІНДЕ
Қазақстан бойынша атом саласында 21 мыңнан астам адам еңбек етеді. Мереке қарсаңында арнайы конкурстан іріктелген 26 қызметкер марапат мінберінен көрінді. Конкурстық комиссия қатысушыларды жұмыс өтілі, өндірістік көрсеткіштердің орындалуы, еңбек тәртібінің сақталуы, өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптары, бастамашылық, корпоративтік құндылықтарға сәйкестік және тағы басқа өлшемдер бойынша бағалаған. Атом саласындағы еңбегі еленіп, қошеметке бөленгендер қатарында Грэ-23 «Волковгеология» мекемесінің қызметкері – Серік Түкібай да бар. Ол «Жыл қызметкері – 2024» байқауында «Кәсіпқой» номинациясын жеңіп алды. Серік Аманкелдіұлы – 2007 жылдан бері аталған мекемеде бұрғылау қондырғысының машинисі болып жұмыс жасайды. Табандылығы, талапшылдығы және өз ісіне жауапкершілігімен ұжымдастарының ортасында абыройлы қызметкер жас мамандарды еңбекке баулып, білгенін үйретуден жалыққан емес. Астана қаласында өткен салтанатты шарада Қазатомөнеркәсіптің Экономика және қаржы жөніндегі бас директоры Мейіржан Юсупов: – Қызметкерлер жемісті еңбегі, еліміздің атом саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі, еңбек өнімділігін арттырғаны, сондай-ақ жаңашылдығы мен көрсеткен бастамашылдығы үшін марапаттарға ие болды. Бұл марапаттар кәсіпқойлықтың жоғары деңгейін, адалдықты және Компанияның стратегиялық мақсаттарына жетудегі әрбір қызметкердің маңызды рөлін көрсетеді. Біз әріптестерімізді мақтан тұтамыз және ортақ іске қосқан елеулі үлестері үшін оларға шын жүректен алғыс айтамыз! – деді. Мемлекет басшысы келер жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалару қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деді Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында. Шынында да жұмысшы мамандығының беделі артатын шақ келді. Темірден түйін түйген, балтасы мен балғасын серік еткен шебер, құбырларды жалғайтын темір пісіруші, құбыр бойының қыр-сырын білетін слесарь, бұрғылаушы мамандары қоғамға қажет. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын дәріптеуді, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды жолға қоюымыз қажет, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдарға құрмет көрсету, марапаттау арқылы Президент айтқан «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын жүзеге асырамыз. Нәтижесінде біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер жоғары бағаланатын елге айналарымыз сөзсіз.
Гүлхан ЯХИЯ
Гүлхан ЯХИЯ