Баланың бесігін енді кім тербетіп жүр?
Біз бала күнімізде ертегіні әжеміздің аузынан естіп өстік. Ұйқыға жатарда айтылатын бесік жыры, кешкілік теледидардан көрсетілетін бір мультфильм, анда-санда қолымызға тиетін балалар журналы біздің қиял әлемімізді қалыптастыратын негізгі құралдар сол еді. Ал бүгінгі баланың бесігін кім тербетіп жүр?Қазір сәби дүниеге келе салысымен экранмен бірге өседі. Телефон, планшет, теледидар – бәрі оның көз алдында. Бұрын ата-ана «балам не жеді?» деп алаңдаса, бүгін «балам не көріп жүр?» деген сұрақ одан да маңызды бола түсті. Себебі бала санасына ең тез сіңетін нәрсе – көзбен көрген дүние.
Қазіргі заманның ең қуатты тәрбие құралы – анимация. Мультфильм енді жай ғана ермек емес. Ол – идеология, тіл, мәдениет және болашақ ұрпақтың мінезін, талғамын, дүниетанымын қалыптастыратын күш.
Ғалымдардың зерттеуінше, бала мектеп табалдырығын аттағанға дейін бес мың сағатқа жуық уақытын экран алдында өткізеді екен. Ал мектеп бітіргенше бұл көрсеткіш он тоғыз мың сағатқа жетеді. Демек, бала ата-анасынан, мұғалімнен немесе кітаптан гөрі экраннан көбірек тәрбие алады деген сөз. Өкінішке қарай, сол экрандағы дүниенің басым бөлігі – өзгенің өнімі.
Әрбір үйде осы мәселе бар. Бүлдіршіннің қолынан бір сәт телефонды алып қойсақ, үйді басына көтеріп жылайды. Әуелде «тыныш отырса болды» деп өзіміз де еркіндік беретініміз жасырын емес. Кейін оның салдары байқалады. Мінезі өзгереді. Ашушаң бола бастайды. Тіпті көзіне әсер етеді. Сонда ғана түсінесің, экран – жай құрылғы емес. Ол баланың жүйкесіне, тіліне, мінезіне, тіпті болмысына әсер ететін орта екен.
Бүгін көптеген ата-ана «баламның тілі кеш шығып жатыр», «алдымен орысша сөйлейді», «ағылшынша санайды» деп алаңдайды. Мұның бір себебі – баланың күнделікті көріп жүрген дүниесінде қазақ тілінің аздығы. YouTube-ты ашсаңыз – орысша контент қаптап тұр. TikTok-тағы балаларға арналған роликтердің көбі айғай-шуға, орынсыз қылыққа, арзан күлкіге құрылған. Ал қазақ тіліндегі сапалы дүниелер әлі де саусақпен санарлық.
Осы тұста қоғам белсендісі Дина Елгезектің «Маша мен Аю» мультфильмі туралы пікірі көп ойға жетелейді. Расында да, кей елдер бұл туындыға күмәнмен қарайды. Себебі бала психологиясына әсер ететін элементтері бар деген пікірлер айтылған. Бірақ мәселе тек бір мультфильмде емес. Мәселе – біздің балаларымыздың өз кейіпкерлерінің аздығында. Бүгін қазақ баласы Өрмекші адамға, Халкқа, Ниндзя тасбақаларға еліктейді. Ал неге ол Алпамысқа еліктемейді? Неге Желаяқ оның сүйікті кейіпкеріне айналмайды? Неге Таусоғар мен Көлтауысар Marvel қаһармандарындай танымал емес? Өйткені біз өз кейіпкерлерімізді заман тілімен сөйлете алмадық.
Кезінде «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Менің атым Қожа», «Көксерек» секілді туындылар тұтас ұрпақтың жадында қалды. Олар ұлттық мінезді, дала рухын, қазақы дүниетанымды бойымызға сіңірді. Ал бүгінгі баланың жадында не қалып жатыр?
Қазіргі көп контент баланы ойландырмайды. Керісінше, оны жылдам эмоцияға тәуелді етеді. Қатыгездікке, ашушаңдыққа, шектен тыс қозуға итермелейді. Ең қауіптісі – мұндай дүниелерде жаман әрекеттің салдары көрсетілмейді. Бала санасында «бәріне болады екен» деген түсінік қалыптасады.
Қазақстанның құрметті журналисі Жұмахмет Жайлаубаевтың сөзі де осы ойды тереңдете түседі. Ол кеңестік кезеңдегі балалар бағдарламаларын мысалға ала отырып, әр дәуір өз ұрпағын экран арқылы тәрбиелейтінін айтады. Шынында да, мемлекет болашақ буынды тәрбиелеуді ең алдымен балалар контентінен бастайды. Өйткені анимация – жұмсақ күш.
Бүгінде Жапония аниме арқылы әлемге мәдениетін танытып отыр. Америка суперқаһармандары арқылы өз идеологиясын жүргізеді. Түркия тарихи сериалдарымен тұтас буынның санасына ықпал етті. Ал біз ше? Біз әлі күнге дейін өз баламызға өз қаһарманымызды толық ұсына алмай келеміз. Дегенмен үміт бар.
Соңғы жылдары қазақ анимациясы жанданып келеді. «Күншіктер», «Бес тәй-тәй», «Дәрігер Дана», «Тоқты мен Серке», «Айдар мен Жібек», «Мұзбалақ», «Күлтегін», «Алпамыс», «Қобыланды» сияқты жобалар ұлттық контентке деген сұраныстың бар екенін көрсетті.
Бала экраннан көргенін өмірде қайталайды. Егер ол экраннан үлкенге құрметті, әділдікті, батырлықты, мейірімділікті көрсе – соған ұмтылады. Ал егер күні бойы айқай-шуға, дарақылыққа, зорлыққа толы дүниені көрсе, оның мінезі де соған бейімделеді. Сондықтан бүгінгі ата-ананың міндеті – баланы телефоннан толық ажырату емес. Оның санасына не кіріп жатқанын бақылау.
Экранды өшіру мүмкін емес. Бірақ экрандағы дүниені өзгертуге болады.
Бізге бүгін ауадай қажет нәрсе – баланы жалықтырмайтын, бірақ ұлттық рух беретін сапалы қазақ анимациясы. Тек бір реттік жоба емес, үздіксіз жалғасатын сериалдар керек. Қазақша сөйлейтін, қазақша ойлайтын, қазақша армандайтын кейіпкерлер керек. Өйткені ұлт болашағы бесіктен ғана емес, экраннан да тәрбиеленеді. Егер біз бүгін баланың санасын қорғамасақ, ертең оның жүрегінен қазақы болмысты іздеп қалуымыз мүмкін. Ал егер қазақша контентті көбейтсек, ертең өз тілін сүйетін, өз елін құрметтейтін, рухы биік ұрпақ өседі.
Күләш Жұмабекқызы







