Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала – бар байлығың, тәрбиесі қалай оның?

Бала – бар байлығың, тәрбиесі қалай оның?

Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің бірі баланың дүниеге келуінен туған. Отбасының жеміс берер гүлі, алтын тіреу діңгегі – бала деп жататынымыз жасырын емес. Балалы үй базар деп бекер айтпаған. Бар байлыған балам деп санаған қазақ халқы бала санын көбейтіп, ұрпақ өрбітуді мақсат еткен. Сондықтан қазақтың сенім артар жалғасы, үкілі үміті осы төл перзенті. Жастайынан тәрбиені тал бесіктен бойына сіңірген бала ақылды, әдепті, арлы болып өседі.
Халқымыз «Баланың жасында көргені бүкіл өміріне азық болады» дейді. Барлық шаңырақтың бірлік пен ынтымақ, бақыты мен берекесі, сыйластық пен жарасымдылықтың барлығы көк шыбықтай жаңа өсіп келе жатқан нәрестенің болашақ өміріне айрықша әсер етеді. Ал, керісінше, дау-жанжал, ұрыс-керістің ортасына айналған, қала берді, темекінің түтінін бұрқыратып, ішімдікке құмартқан, ата-аналардан тәрбие алған балалар көптеген бұзақы әрекеттер мен құйтырқы істерге барары хақ. Иә, бала тәрбиесінің бесіктен, қала берді, ана құрсағынан екенін ертеден ата-бабаларымыз білген. Көптеген отбасының бақыты баламен байланыс­ты. Көбінесе бала дүниеге келгенде оған тәлім-тәрбиені бойына сіңіріп, біреудің ала жібін аттамайтын иманды етіп тәрбиелеген. Халқымыз ертеден баланы құрсақтан-ақ ән әуенімен бағып, әлпешетеп, аялап, ерекше махаббатпен әлдилеген. Халқымыз бала дүниеге келгеннен бастап, бесік жырымен тербетіп, мейірім шапағатына бөлеген. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Мысалы, ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігін сезініп өскен бала бұзақы әрекеттерге бармайды, керісінше өзге бауырларына қамқор, мейрімді болып өседі.
Ал бүгінгі қазақ ұрпағы қалай тәрбие­ленбек? Бүгінде еліміздегі ата-аналардың басым бөлігі тәрбиені тал бесіктен беруді ұмытқандай. Бесік жырын білмейтін аналар мен арақтан құтысы босамған бәз бір әкелер, «құлыншағым» деп айналып, құрақ ұшпайтын кейбір ата-әжелер көбейді. Бұрынғы заманды көзіміз көрмесе де құлақ естіген болар. Бұрынғы ата-әжелер баланың құлағына ертегі айтып еліктіріп, нұр жүздерін шаттыққа бөлеп отыратын. Ал, қазір ертегіні айтып отыратын әжелер жоқтың қасы. Барлығы телефонға телміріп, ұлдарымыз ұяттан безіп, қыздарымыз ибалылығын жоғалтып барады.
Осындайда Бауыржан Момышұлының сөзі ойға оралады. «Мен үш нәрседен қорқамын. Біріншісі, өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, екіншісі, немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден, үшіншісі, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын», – деген атамыз болашақ ұрпақтың тәрбиесіз болып өсетіндігінен қорқып, қынжылған екен. Ақ жаулығын тағып, немересіне ертегі айтып отыратын ата-әжелер көбейсін. Тал бесіктен, ошақ басынан тәрбие беруді қолға алсақ, болашақтың ұрпағы саналы қалыптасады деп сенейік.

Шапағат Тілеубаев
26 қаңтар 2021 ж. 999 0