Бала – сіздің айнаңыз
«Тәрбие дегеніміз – тәрбиеленушілердің белгілі бір адамгершілік дағдыларын меңгеруге көндіру мақсатымен бір адамның екінші адамға жасайтын ықпалы», – дейді орыс ағартушысы Лев Толстой. Расында тәрбие тал бесіктен басталатын үлкен әрі күрделі ғылым саласы. Ата-ананың бар бақыты, көз қуанышы бала десек, бақытты болашақ пен баянды қарттықтың кепілі баланы дұрыс тәрбиелеу болмақ.
Халқымыз ұрпақ тәрбиесіне аса мән беріп, даналығын аяған емес. Бесіктен мағынасы «Алла» сөзін беретін әлдимен ән айтып, бала тәрбиесінің іргетасын қалаған. Бесік жырын тыңдаған баланың есту қабілеті жақсы жетіліп, тілі ерте шығып, өнерге жақын болып өседі деп сенген. Қазақтан шыққан сал-серілер мен бұлбұл құстай сайраған күміс көмей әншілер соның айғағы болса керек. Ертегі айтып, әрқашан жауыздықтан мейірімділікті күшті етіп шығару арқылы адамгершілікке баулыған. Жалпы, ұят, обал, жаман болады деп, айналдырған үш-ақ ауыз сөзге халқымыз үлкен мән үстеп, балаға өміріне жететін өнегені сіңіре білген. Жаманнан жирентіп, өлімнен ұяттың күшті екенін ұқтырған, әр нәрсенің сұрауы барын ескерткен. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп, ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі екенін ертеден білген.
Әрине, әлемнің әр елінде бала тәрбиесінің өзіндік ерекшеліктері болады. Осы бағытты зерттейтін «этнопедиатрия» деп аталатын жаңа, жас ғылым саласы да бар. Интернет мәліметтеріне сүйенсек, бала санына шектеу қойылған көрші қытай елінде бөбекті қанағатшыл, төзімді болып өсуге баулыса, баланың өмірін оның бір жасқа толғанынан бастап есептейтін кәріс халқы бүлдіршінге мақсат қойып, соған табанды түрде жете білуді үйретуге тырысады екен. Ал күншығыс еліндегі жапондар баланы қарапайым, мәдениетті болып, қоғам тыныштығын бұзбауға баулиды. Арқасына байлап алып, үй тірліктерін істеп жүріп өсіргендіктен тәй-тәй баспай тұрып тілі шығады деседі. АҚШ-та ата-ананың баласымен құрбыдай сырласып, жан-жақты дамуы үшін бар жағдайын жасайтынын киноларынан аңғарамыз. Ерек ойланып, еркін сөйлейтін бұл елдегі ұстаным «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алуы керек». Медицинаның жетік үлгісін көрсетіп отырған Израиьлде адамдық құндылық пен материалдық құндылықты шатастырмас үшін баланың көзінше ақша туралы сөйлеспейді екен. Бала жетістігін үнемі мақтан тұтып айтып отыру арқылы өзіне деген сенімін қалыптастыруды қалайды. Мұхит асты елінен көретін бала мен ата-ана арасындағы достықты Үндістаннан көре алмаймыз. Бала қарапайым нәрселерден бастап, болашақ жарына дейін ата-ананың айтуымен таңдап, көбіне үлкендердің айтқанын құп көреді. Балаларын өзгелермен салыстырмайтын испандықтар баланы еш уақытта үйде жалғыз тастамайтын көрінеді. Өмірде, мансабында белгілі бір жетістікке жетуі үшін ойлау шеңберінің кең болуы керек екенін үнемі құлағдар етіп, сол бағытта жұмыс істеуге тәрбиелейді. Ал шведтік балалар әрқашан өз құқықтарын қорғай біледі, зәбір көрген жағдайда, тіпті ол әке-шешесі болса да полицияға хабарлап, жағдайын айта біледі. Бұл елде ата-ана баласын ұрған жағдайда әкімшілік жауапқа тартылады. Таиландта бала құлап қалып, жылап жатса да ешқандай әрекет жасамайды. Жақсы-жаманды түсіндіре келе «өзіңнен асқан ұстаз жоқ» деп соңғы таңдау мен шешімді баланың өзіне жасатады екен. Өзіміз араласып-құраласып жатқан орыстар сәбиді құндақтап тастап, кішкентайдың денесін босатуы үшін бұлқынуын бірнәрсеге бағынып қалмай, өз дегеніне жетуге деген талпынысы бой көтереді деп ұққан.
Баланы таяқпен «тәрбиелеушілер» де бар. Жеңіл-желпі тентектіктің үлкен бұзықшылыққа ұласпауы үшін баланы жазалау керек те шығар. Бірақ үнемі кішкентайды ұрып, соққыға жығу жасқаншақтық пен өз-өзіне сенімсіздікке ұрындырады. Өзіне сенімсіз адамнан тұлға қалыптаса ма сонан соң? Ғалымдар соққы астында қалып, ашу-ызаға булыққан бала рак, жүрек ауруы мен демікпе секілді көптеген созылмалы ауруларға шалдығуы мүмкін екендігін айтады. Этнограф Ж.Бабалықұлының айтуынша, адамды жазалаудың ұрудан бөлек 119 түрі бар. Рұқсат етпеу, тиым салу, мысалдап сын-ескертпе беру секілді әрекеттер де жазалауға жатады. Бала – әке-анасының айнасы. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».
Тәрбиенің берілу формасы әртүрлі болса да, барлық балаға керек нәрсе –отбасы жылуы, мейірімін төге білетін ата-ана. Кішкентай періштелердің пәк күлкісі барда әлемде махаббат пен мейірімділік ұмытылмақ емес.
Назерке МҰХАМЕДИЯРОВА.