Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесікке бөлеу баланың денсаулығына қаншалықты зиян

Бесікке бөлеу баланың денсаулығына қаншалықты зиян

Бүгінде бірді-екілі бесіктің қасиетін түсінген адам болмаса, көпшілік оның киелі мүлік екендігін ұмыта бастаған. Қазір баласын бесікке бөлейтін ата-аналар да жоқтың қасы. Тіпті «бесік зиян» дейтіндер де баршылық.
Бұл баяғы кеңестен қалған көзқарас. Кешегi кеңестiк дәуiрде бесік туралы кері түсінік қалыптасты. Ол кезеңде жек көрген нәрсеңізді: «Ескіліктің қалдығы», – десеңіз жетіп жатыр. Сөйтіп, бесік қолданыстан шығып қалды.
Шындығында, бүгінде бесікті өз дәрежесінде бағалай алмай отырғандығымыз белгілі бір отбасының ғана бас ауыртар мәселесі емес, ұлттың қасіреті десек болады. Өйткені, бесік – өмірге жаңа келген періште-сәбидің ақ отауы, оның ержеткенде алаңсыз балалық шағын есіне түсіретін ардақ тұтар асыл заты емес пе?! Бесікті «тал бесік» деп атаудың сыры да осында. Бүкіл тәлім-тәрбие, ұлттық ұлағат бесіктен басталған. Сан ғасырлық ұғымдарды, дүниетанымды сақтап, бүгінге жетіп отырған бесік, расында да ұлт руханиятының бастауы. «Бесіктегі бала бес түлейді» демекші, нәрестенің көп өзгеріп, тез өсіп жетілетін шағы да осы бесікте жатқан кезі. Алайда қазіргі кейбір ғалымдар мен дәрігерлер айтып жүргендей, бесік осылай бес түлеп өсетін баланың ағзасына зиян емес. «Бесікке салған бала өспейді, оның бойында қан жүрмейді, аяқ-қолы қисық болады» дегеннің бәрі бекер айтылып жүрген әңгіме. Бесік, керісінше, балаға әмбебап тазалық, алаңсыз ұйқы сыйлайды. Өзінің құрғақ, ұядай жылы жатын орнында сәби бесік жырын тыңдап өседі. Ал бесікке баланы қазақ ешқашан да күндіз-түні матап байлап тастамаған. Ауық-ауық сәбиді бесіктен алып, дене қимылы жаттығуларын жасап, «өс-өс» деп аяқ-қолын созып, жақсы жетілуіне жағдай туғызған.
Демек, бесіктің пайдасы ұшан-теңіз. Атап айтар болсақ, қол-аяғы ербеңдемей буулы жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болады.
Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды, құрғақ жатады. Ол – мықты денсаулық кепілі. Әрі қол-аяғы сыптай болып өседі. Тұла бойы  тазалыққа үйренеді.
Бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетіледі. Сондықтан, баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды.
Бұлар бесіктің толып жатқан пайдасының бір парасы ғана. Бесікті пайдаланбау арқылы қаншама ұлттық дәстүрімізден айырылып жатырмыз. «Бесікке салу», «Тыштыма», сияқты рәсімдер де жоғалып, «Бесік жыры» да айтылудан қалғандай.
Бүгінде бесіктегі сәбиді ұялы телефондағы даңғырлаған шетел музыкасымен ұйықтатып, ойнататындар көбейді. Ол әлі дамымаған сәбидің психологиясына қалай әсер ететіндігі туралы ойланып жатқан ешкім жоқ. Бала түгілі ересектер қолданса зияны көп ұялы телефонымыз бесіктегі балаға өзгеше қатерлі екеніне неге мән бермейміз?! Бәлкім, қазіргі балақандарымыздың бесіктен белі шықпай жатып, шетелдің даңғаза музыкасына бас шұлғып билеп, тілі былдырлап шыға бастаған сәттен-ақ шетел әндерін тез жаттап алып, айтып жүруінің астарында осы нәрсе жатқан болар? «Тәрбие басы – талбесік» деп халқымыз бекер айтпаған . Сәбидің қалыптасуы ана құрсағында жатқан кезден бастау алып, жақсы қасиет, тәрбиенің ананың ақ сүтімен берілетіндігін еске алсақ, осы ойдың ақиқаттығына тағы бір көз жеткізе түсеміз.
«Баланың бесігі – кең дүниенің есігі», – деген екен данышпан Төле би бабамыз. Бесік кең дүниенің есігі болса, сол бесікте жатқан сәби даңғырлаған еш тәлім-тәрбиесі жоқ шетел музыкасын тыңдап өссе, не болмақ?
Осы тұста Бауыржан Момышұлының: «Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқaмын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ», – деген сөзі еріксіз ойға оралады.
«Жас балаға қазақтың «әлди-әлди» деп басталатын бесік жырын жырлау керек. Бұл жырдың күйі де, сөзі де тәтті», – деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, бесік жырын айту әрбір ананың сәби алдындағы қасиетті борышы. Оны орындамасақ, ата-баба дәстүріне қиянат жасағанымыз. Келешек бүлдіршін жас буынымыз саналы болып өссін десек, қазірден бастап тәрбиені бесік жырынан бастағанымыз абзал. «Рухани жаңғырудың» да басы осы қасиетті бесігімізді қастерлеуден басталса құба-құп болар еді.
ислам.кз
03 наурыз 2019 ж. 1 562 0