Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесік жырын білесіз бе?

Бесік жырын білесіз бе?


«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тәрбиенің мықты іргетасы отбасында қаланады. Сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны мүлде бөлек. Ол баланың сезімін сергітеді, көңіл-күйін көтереді. Есейе келе өнерге, сөз өнеріне бейімделеді. Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі.
Бесік жыры — балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені, баяу әуенмен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Бесік жыры – сәбидің дұрыс жетілуінің бірден-бір кепілі. Нәресте үшін ана сүтінің маңызы қандай болса, бесік жыры да дәл солай құнды. Сәби миындағы нейрондар даму үшін, бесік жырынан артық дәрумен таппайсыз. Мұны әлем ғалымдары да дәлелдеді.
Әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шеберлік пен шешендікке ұмтылып өседі. Әсерлі әуенмен айтылатын ананың әлдиі ақ сүтімен қосылып баланың бойына сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар. Сәбиінің аман өсуінен бас­тап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем…» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы сәбиге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен…
Діни аңыздарда бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана деп айтылады. Бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп: «Алла, Алла, Алла», – деп, Алланың атын әдемі әуезге салып әндетеді. Әуенге елтіген Хауаның бөбектері тынышталып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына да ұнап қалады. Ол періштелерге: Маған да үйретіңдер, – деп өтінеді. Періштелер Хауаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті.
Кейін Хауа ана өзінің барлық балаларын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады. Бұл әуез дами келе бесік жырына айналған екен. Қазақтағы «Әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың «Алла, Алла, Алла-ай» деген әуенінен шыққан деседі.
Нәресте барлық ақпаратты есту арқылы қабылдайтынын ескерсек, оған бесік жыры арқылы тәрбиенің іргетасы қаланады. Бар мейірім, махаббатты жеткізудің бірден-бір жолы осы. Бесік жырының осындай баға жетпес құндылығын ертеден білген дана халқымыз оны айтпай сәбиін ұйықтатпаған. Қазір қым-қуыт тіршілікпен жүріп аналарымыз бесік жыры түгілі бесіктен қол үзіп қалып жатыр. Мұның да кері әсерін көріп жүрміз.
Жуырда жас босанған құрбым­ның үйіне бардым. Құрбым ұялы телефоны­нан шетелдің бір әуенін қосып қойып бесік тербетіп отыр екен. «Оданда бесік жырын айтпайсың ба?» деп едім, «Қойшы, балам осы әнді жақсы көреді, ән айтатын дауысым да жоқ», - деді. Телефоннан шығатын сәулелердің сәбиге зияны бір бөлек. Өкініштісі, батыстың даңғаза әніне құлағы үйір болған бала ертең қай тілде сөйлеп, қай тілде ойлар екен...
Бала үшін ең әуезді дауыс – ана­сы­ның әлдиі, ең жылы сөз – анасының еркелеткені, ең жұмсақ жер – ананың аялы алақаны емес пе? Сондықтан сәбиіңізді бесік жырымен ұйықтатуды ұмытпаңыз. Мамандар бесік жырын баланы емізгеннен кейін күніне 2-3 рет орындауға кеңес береді, ал оның ұзақтығы 10 минуттай болуы тиіс. Бесік жырын 3 жасқа дейін тоқтатпаған абзал. Сәби тәтті ұйқыға кеткеннен кейін де бес минут бойы үзбей айтса, пайдасы көп екен.
Назарларыңызға бір пайдаға жарап қалар деген оймен бесік жырының бірнеше үлгісін ұсындық.
***
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем,
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?!
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?!
***
Тәй-тәй басып, бөпешім, жүргенің қандай?
Көзқуаныш, көкешім, күлгенің
балдай.
Аспандағы ай-күнді аламын дейсің,
Асқар таудай айбынды боламын дейсің.
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Сендей сәби жоқ, көкем.
Анам-әкем дейсің бе?
Тілің тәтті екен.
Әлди, әлди, ақ еркем,
Бойжетерсің сен ертең.
Мақтанышы елімнің,
Өзің бол, еркем!
***
Айым болып тудың ба?
Күнім болып тудың ба?
Әке жолын қудың ба?
Ата жолын қудың ба?
Бұл дүниеге келген соң,
Сұрауы бар судың да...
Қуанышым, арай жүз,
Сөйлесерміз талай біз.
Бар ағайын жиналып,
Мәз боп саған қараймыз.
Сендей бала ешкімде,
Болмаған деп санаймыз.
Не деп енді мақтайын,
Айтуға сөз таппаймын.
Мақтап кетсем көбірек,
Мен әжеңе жақпаймын.
Келші келші балашым,
Бір иіскемей жатпаймын.

Г.ЯХИЯЕВА.
16 желтоқсан 2018 ж. 1 937 0