Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани тәрбие – болашақтың кепілі

Рухани тәрбие – болашақтың кепілі

«Адамның бір қызығы бала деген…», «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деп Абай айтқандай, адам қашанда ұрпағымен қымбат. Қай ғасырда болмасын, бала тәрбиесі назардан тыс қалып көрген емес. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген халық ұрпағының өсіп-жетілуіне, тәрбиесіне барынша жағдай жасауға тырысқан.
Иә, ұрпақ тәрбиесі – ата-бабамыздан келе жатқан рухани мұралардың бірі. Қай елдің болсын бірлігінің қалыптасуы мен өркендеуі дәстүрлі ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтар сабақтасып жүзеге асатындығы белгілі.
Осыдан 10-20 жылғы өмірмен салыстырғанда қазір адамдар өмірі күрт өзгеріп, жаңарып, жасарып кеткендей. Олай болатын да жөні бар. Себебі біз ХХI ғасырда, адамзат дәуірінің ең дамыған кезінде өмір сүріп, ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз. Бірақ адамзат әрқашан өзінің өткен жолын зерделеп, бір уақыт артта қалған көне заман күмбіріне құлақ түріп, көз жүгіртіп отырғаны жөн. Себебі өткен дәуір құндылықтары, ата-баба салт-дәстүрін ұстана отырып осы күнге жеттік емес пе?
Осы бір ұрпақтар арасындағы нәзік жіп үзіліп кетпесін дегендей осыдан үш жыл бұрын Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласын ұсынды. Бағдарлама аясында көненің көзіндей болған атақты хандар, билер, батыр бабалар туралы зерттеулер мен елдің дамуына үлес қосқан азаматтар жайлы, жер-су атауларының тарихы туралы мақалалар көптеп шығып, өткеніміз жаңғырғандай күй кештік. Осыған орай рухани жаңғыру, даму туралы түсінік беруді балабақшада оқу қызметі барысында және кездесулер ұйымдастыру арқылы ұйымдастыруға болатынын да айтқым келеді. Тілі енді шығып, айналасындағы дүниені танып келе жатқан бөбектерге суреттер көрсету, ертегі айтып беру, теледидар, видеолар көрсетіп, әңгімелеп беру арқылы баланың бойына ұлттық құндылықтарды дарытып, патриоттық тәрбиенің негізін қалай аламыз. Ата-аналар да үйде болған кезде осыны әрқашан балаларына түсіндіріп материалдық қана емес рухани байлығын арттырып отырса келешек ел тұтқасын ұстар бүгінгі балдырғандар ұлтжанды, елінің нағыз жанашыры болып өсері сөзсіз.
Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға – ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата-ана, қала берді қоғам. Баланы өмірге бейімдеуде тәрбиеші, мұғалім және ата-ананың орны бөлек. Қоғамның алғашқы ұйытқысы отбасында бала үлкендермен араласады.
Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жас­тайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік секілді құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады.

Махабат КЕНЕБЕКОВА
28 қазан 2020 ж. 1 056 0