Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесік тәрбиесі – бала тәрбиесінің төресі

Бесік тәрбиесі – бала тәрбиесінің төресі

Әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген. Осы тәмсілдің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдеп берді. Сәйкесінше, біздің ата-бабаларымыз да тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені, ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына.
Ата-бабамыз баланың тәрбиесі бесіктен бастау алатынын айтып-ақ өтті. Бірақ көбіміз бүгінгі ұрпақтың парасаты мол, саналы болып өсуі, оның кейін есейгенде жияр біліміне ғана байланысты емес, ең алдымен құрсақтан берілетін иманды әдет-ғұрып, өнегелі салт-дәстүр, ұлттық болмыспен келетін тәрбие көзінде жатқанын ескере бермейміз. Қазіргі жастарды білімсіз, ештеңе көрмеген деп айтқымыз келмейді, әрине. Жастардың басым көпшілігі мектеп бітірісімен, елдегі қалаған оқу ордаларына немесе шет елдің іргелі оқу орындарына барып, әлемнің озық күйі мен білімін игеріп қайтады. Ал бірақ олардың бойында байырғы бабалардан келе жатқан ұлттық тәрбие өзегі қалады ма?! Бұлай сауал қоюымызға мектептегі боз балалардың топтасып алып, қаршадай балаға басымдық көрсететіні, үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетілмейтіні, өз тілін менсінбей, өзге тілде сайрайтындығы және тағы басқа жағдаяттар себеп болып отыр.
Әрине, елге адалынан қызмет етіп, үлгілі ісімен өнеге болып жатқан айтулы азаматтар аз емес. Дегенмен, бұл өмірде бәрі өз уақытымен, орнымен қалануы тиіс. Адам баласы туған елінің, халқының мүддесіне сай мемлекетке қызмет ете алуы керек. Олай болмаған жағдайда өзгенің күйін күйттейді. Баяғыда бір патша өзінің қол астындағы елдің атақты данышпанына баласын тәрбиелеуге беретінін айтыпты. Мұны естіген данышпан тәрбиеге берілетін бала неше жаста екенін сұра. Сонда патша баласының екі айға енді толғанын жеткізсе, әлгі данышпан: «Балаңның тәрбиесін ойлағаның жөн екен, бірақ кеш қалыпсың» депті. Бұған түсінбеген патша «Не айтып тұрсың? Ана сүтінен әлі аузы кеппеген, буыны қатпаған, бесіктен белі шықпаған балаға тәрбие берудің кештігі қалай?!» деп шамданыпты. Сонда данышпан қария «Баланы құрсақтан тәрбиелеу керек еді» деген екен. Көрдіңіз бе, нағыз тәрбие төркіні тереңде жатқанын осыдан да аңғаруға болады. Ұлтжанды адам мұндай мысалдардың астарында өмірлік тәжірибе мәні жатқанын ұғынады. Ендеше, келешек ұрпаққа тәлімді тәрбие беру ісі әркімнің өз тәрбиелік ісінен басталатынын ұмытпасақ игі. Себебі, «Не ексең – соны орасың» деген бар.
Мақала соңын ұлы Абайдың орамды ойымен түйіндесек. «Баламды медресеге біл деп бердім, Шен алсын, шекпен алсын деп бермедім...» деуі арқылы адамның борышы шен-шекпен емес, тәрбие арқылы туған халқына қызмет ету керектігін әдемі жеткізген. Ендеше,елдігімізді ерте қамдағымыз келсе, «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді» деп айтқандай, құрсақтан берілетін тәрбиенің орны қашанда бөлек екенін ұмытпайық.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
16 маусым 2020 ж. 1 885 0