Газетпен үндескен 25 жыл
Уақыт алмасады. Заман өзгереді. Ақпарат тарату тәсілі де жаңарып келеді. Бірақ қандай кезең болса да, қолына газет алып, туған жерінің жаңалығын оқуды әдетке айналдырған жандардың орны ерекше. Өйткені газет – елдің тынысын танытатын, уақыттың үнін жеткізетін рухани қазына. Осындай рухани байланысты ширек ғасыр бойы үзбей жалғап келе жатқан жандардың бірі – Алғабас ауылының тумасы, педагог-психолог Ләззат Төлешова.Туған жерінде білім алып, сол ауылдың өркендеуіне қызмет етуді мақсат еткен кейіпкеріміз №214 орта мектепті тәмамдаған соң Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түсіп, педагогика-психология мамандығын меңгеріп шығады. Жас маман үшін бұл тек мамандық емес, адам жанына үңіліп, шәкірт тәрбиесіне бағыт-бағдар беретін үлкен жауапкершілік болатын.
2001-2002 оқу жылынан бастап Алғабас ауылындағы №157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектепке педагог-психолог болып қабылданып, содан бері бір ұжымда үздіксіз еңбек етіп келеді. Қызмет жолында жинаған тәжірибесі де аз емес. Аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлерде кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, түрлі білім алаңдарында өз ісінің шебері екенін дәлелдей білді. Оның еңбегі – тек бір мектептің ғана емес, ауданның білім саласына қосылған үлес.
Алайда өміріндегі тағы бір тұрақты серік – аудандық «Өскен өңір» газеті. Қызметке қабылданған күннен бастап бүгінге дейін газетке үздіксіз жазылып келе жатқан тұрақты оқырман үшін бұл басылымның орны ерекше. Өйткені газет арқылы туған ауданының тыныс-тіршілігін, ел ішіндегі жаңалықтарды, қуанышты сәттер мен маңызды мәселелерді үзбей оқып келеді.
– «Өскен өңір» газеті маған қатты ұнайды. Өйткені сүйікті ауданымның тұрмыс-тіршілігімен, жаңалығымен, ел ішіндегі өзгерістермен үнемі хабардар болып отырамыз. Қандай басылымдарға жазылып жатсам да, ешқашан «Өскен өңірден» қол үзіп қалған кезім болған емес. Бұл – менің сүйікті газетім. Сол себепті осы жұмысқа қабылданған сәттен бастап бүгінге дейін үздіксіз жазылып келемін, – дейді Л.Төлешова.
Расында, бүгінгі цифрлық дәуірде газетке тұрақты жазылу – сирек кездесетін адалдықтың белгісі. Әлеуметтік желі мен интернеттің мүмкіндігі артқан сайын баспасөзге деген қызығушылық азайды деген пікір айтылып жатады. Десек те, туған жердің шынайы тынысын аудандық газеттен іздейтін оқырман үшін басылымның орны бөлек. Себебі газет бетінде елдің тарихы, халықтың қуанышы мен тағдыры, ауылдың тыныс-тіршілігі көрініс табады.
Кейіпкеріміз үшін «Өскен өңір» – жай ғана ақпарат құралы емес, туған жермен байланысын үзбейтін рухани көпір. Газеттің әр саны арқылы ауданның жаңалығымен бірге тыныстап, ел ішіндегі өзгерістерден хабардар болып отырады. Осындай адал оқырмандар арқылы аудандық басылымдардың беделі артып, рухани сабақтастық жалғасын табады.
«Өскен өңірдің» әр санын асыға күтетін осындай оқырмандар – басылымның басты байлығы. Газетке деген мұндай құрмет туған жерге деген сүйіспеншіліктен бастау алатыны анық. Сондықтан да газетпен үндескен 25 жыл – оқырмандық мәдениеттің, рухани тұрақтылықтың және туған елге деген жанашырлықтың жарқын көрінісі.
Айнұр ИБРАШЕВА







