Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС

Қазақ әліпбиінің негізін қалаған Ыбырай Алтынсарин: «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп айтқан болатын. Заман қанша алға озса да, осы дана сөз өз мәнін жоймаған. Бүгінгі күні ұлағатты ісімен, бай тәжірибесімен оқушыларды тәрбиелеп жүрген ұстаздар баршылық. Солардың бірі – Шиелі аудандық оқушылар үйінің педагог-психологы Лаура Ершағырқызы.
Кейіпкеріміз Лаура 1988 жылдың 17 тамызында бестам ауылдық округынде дүние дидарына келген. Замандастары сияқты еңбекке ерте араласқан Лаура мектеп кезінен кітапқа құмар болып өсті. Тәрбие мен білімді қатар алған ол 2005 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны 2009 жылы тәмімдап, университет қабырғасын бітірген соң тұрмысқа шығады. Берекелі отбасында 1 қыз 2 ұл сүйген абзал ана отбасын да жұмысты да қатар алып, еңбекке араласа бастады. Осылайша ол алғашқы еңбек жолын «Шиелі ауданы оқушылар үйі» КМҚК, қосымша білім беру арқылы, педагог-психолог болып бастады. Сол кезден Лаура бері қарым-қабілетімен көзге түсіп, аудандық оқушылар үйінің абыройын асқақтатып, сол жерде он жылдан бері еңбек етіп келеді.
Ғұмыр бойы білім саласында тер төгіп, сансыз шәкірт тәрбиелеп, шар тарапқа қанат қақтырған ұлағатты ұстаз – Лаура Ершағырқызының ізгілікті істері көпке үлгі-өнеге десек артық айтпаған болармыз. Өйткені ол бүгінде аудандағы қаншама оқушының психологиясымен жұмыс істеп қана қоймай, олардың жан-жақты дамып жетілуіне, жетістікке жетуіне ықпал етіп, ауданның мәртебесін асқақтатып ел алғысын алуда. Балалардың біліктілігін арттырып, жан-дүниесімен тікелей жұмыс істейтін оның бүгінде жеткен жетістіктері мен қанжығасына байлаған жүлделері жетерлік. Сондай-ақ білікті психологтың қазіргі таңда оқушылары тек аудан көлемінде ғана емес, облыстық, тіпті Республикалық байқауларда топ жарып жүр. Рас, бүгінде аудандық оқушылар үйінің әрбір жеткен жетістігі психологтың арқасы. Себебі психолог – адам жанының айнасы, баланың болашағына жол ашушы. Ал Лаура Ершағарқызы ауданның әр мектебінен үйірмеге келген оқушылармен тікелей жұмыс істейді. Сондықтан да болар қазіргі таңда оқушылар үйі тек дарынды, білімді, өнерлІ балаларға толы.
Лаура Ершағарқызы өзінің бойындағы бар аналық мейірімін, білімін, тәжірибесін шәкірттеріне беріп, олардың рухани дүниесін байытты. Өмірде неғұрлым адаспай, дұрыс жолмен жүруге дайындады. Психологияны үйрете жүріп, әрбір шәкіртіне аналық мейірімін де көрсете білді. Осы қиын да қызықты жұмыста еш мойымай, бар уақытын оқушыларына арнаған Лаураның еңбегін ерлікке теңеуге әбден лайықты. Өз ісіне берілген, шәкірттерінің жанына нұр құя білген Лаураның бүгінгі өмірі – жастар үшін тәрбиелік тағылымға толы. Оның қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден ерекшелендіріп тұратын. Білім саласында оның есімі әрқашан жаңғырып, жұрт жанында сақталары хақ.

04 желтоқсан 2022 ж. 283 0