Ұстаздық еткен жалықпас
Қазақтың көрнекті ағартушы педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің “Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», «Егер балалар бір нәрсені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кіналауға тиіс”, – деген сөздері үлкен маңыздылығымен қазіргі таңда да өміршеңдігін байқатады.
Біздің жадымызда «ән-күй сабағы» деп сақталған музыка пәнінің ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше. Қоңыр домбырадан күңіреніп төгілген күйді тыңдамай өскен қазақ кемде-кем. Көңілін екі қатар жыр ғып жеткізетін қазақ халқы үшін өнердің қашанда шоқтығы биік. Ал, бүгін біз сөз еткелі отырған Аманжол Байқоңратов №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі.
– Музыка пәні – оқушының шығармашылық қабілетін, эстетикалық-көркем талғамын, музыкалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Пәннің мазмұны оқушылардың алдыңғы біліміне қоса шығармашылықпен ойлауын, қиялын, елесін, есте сақтау қабілетін, назарын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әрбір дүниеге келген музыканың тағылымы мол тарихы болады. Ал, оны оқушыларға жеткізе білу, бойындағы талантын ұштау тікелей мұғалімнің білім-білігіне байланысты, – дейді кейіпкеріміз.
1988 жылы Шиелі кентінде дүние есігін ашқан Аманжол Байқоңратов №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы қазақ орта мектебінде білім алған. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, өнерге жақын бала музыка пәнін сүйіп оқиды. Анасы Ирина Опендерфор өзге ұлт өкілі болса да домбыраның құлағында ойнайды. Анасынан балаға дарыған қасиет болар Аманжол да домбыра, фортепиананы меңгерген. Өзі таңдаған «музыка пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша «Қазанғап» атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде білім алады. Осылайша ең алғашқы еңбек жолын 2010-2015 жылдар аралығында Байсын ауылдық клубынан бастайды. Қосымша түрлі мерекелік шаралар мен той-томалақта өнер көрсетіп жүрген Аманжолды 2015 жылы №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектептің директоры Мария Елшібекова мамандығы бойынша жұмыс істеуге шақырады.
– Мария Елшібекова бұрын №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектепте маған сабақ берген ұстазым. Әрі музыкаға деген құштарлығымды оятып, талантымды мектеп табалдырығында таныған жол сілтеушім. Менің ұстазыма деген алғысым шексіз. Себебі, маған да бір кездердегі өзім сияқты оқушылардың қарым-қабілетін арттыруға мүмкіндік туды – дейді, музыка пәнінің мұғалімі.
«Музыка тыңдатпайынша, тәрбие беру, балалық шақтың өзінде адамның сүйіп тыңдайтын ән-күйлерінсіз тәрбие беру деген менің басыма қонбайтын нәрсе», – деп В.Сухомлинский тәрбие саласында музыканың алатын орнын ерекше бағалаған екен. Иә, мектептегі оқушыларға берілетін тәрбие саласының бірі – музыкалық тәрбие. Ол адамның жан дүниесінің үйлесіп қалыптасуын және рухани байлығын дамытады.
Гүлнәр ӘБДІХАНИ