Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушылар үйі – өнер мен білім ордасы

Оқушылар үйі – өнер мен білім ордасы

Жас жеткіншектердің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына мектептен тыс білім беру жүйесі мен тәрбиенің тигізер үлесі ерекше. Аудандық Оқушылар үйінің педагогикалық ұжымы да балалардың шығармашылық дамуына көп қызмет етіп келеді. Тәрбиеленушілерінің дарынды болып өсіп, өмірлік қабілеттілігін дамыту үшін түрлі заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану кез келген ұстаздың басты мақсаты. Оқушылар үйінің үйірме жетекшілері де осы мақсатпен қызмет етуде.
Жеке тұлғаны қалыптастыруға, білім мен тәрбиенің даралануына көңіл бөлетін қосымша білім беру ұйымдары мен бағдарламаларды жан-жақты жетілдіруге ерекше көңіл бөлінген. Оқушылар сарайының мақсаты –жасөспірімдердің көзқарасын кеңейтіп, үйірме мүшелерінің азаматтық, патриоттық сезімін шыңдау. Оқушыларды мейірімділікке тәрбиелеп, бала бойындағы рухани құндылықтарды дамыту, азаматтық және көш-басшылық қабілеттерін арттыру.
Оқушылар үйін «балдырғандар әлемі» деп атауға да болады. Үйірме оқушыларының жетістіктері туралы ауыз толтырып айтуға болады. Оқушылар аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен көрмелерге және де туристік слеттерге үнемі қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Үйірменің үздік байқаулары оқушының шығармашылық қабілеттерін артыруда. Аудандық оқушылар үйінде үйірме аралық байқаулар өтіп тұрады. Әсіресе, педагог-психолог: ­Лаура Ершағырқызы ұйымдастырған «Менің сүйікті үйірмем», «Үйірменің үйретері көп», «Менің сүйікті отбасым», «Мен өмірді сүйемін» байқаулары оқушыларды ыстық ықыласқа бөледі. Көңілдерінен шыққан бұл сайыстар, тағы қайталанып өтілсе екен деп өз ұсыныстарын, жылы лебіздерін аудандық оқушылар үйінің директоры Б.Әбішевке айтып, тарқасты. Оқушылар үйі – мектеп іспеттес, жас жеткіншектер ордасы. Бала психологиясын түсіну кейде педагог мамандардың қолынан келмей жатады. Осы себепті орталық психологы үйірме оқушыларымен қатар аудандық іс-шаралар кезінде мектептерден келген оқушылар және мұғалімдерден үнемі психологиялық тренингтер өткізіп тұрады.
Қазіргі таңда, ата-аналар өз балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында балаларын бірнеше үйірмеге жазып жатады. Әр үйірмеге бала өз қабілетін дамытуға және мектепте алған білімін жетілдіруге, болашақта мамандық таңдауда адаспауға көмектеседі, сондықтан барлық үйірмелер сұранысқа ие. Талай шәкірттің қабілет-қарымын шыңдап, қияға қанаттандырған аудандық оқушылар үйі балалармен жұмыс істейтін педагог мамандарының үйретері көп. Арнайы жабдықталған үйірме кабинеттері арқылы баланың ой-өрісін дамытуға байланысты мүмкіндіктер жоғары.

Жұлдызай НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ,
штаттан тыс тілші
08 маусым 2021 ж. 967 0