Қанекей, фотоға түсірші...
Сейсенбі күні аудандық оқушылар үйінде қосымша білім беру мекемесінің үйірмелер арасында фотосурет байқауы өтті. «Менің сүйікті үйірмем» атты шараға 15 үйірме қатысты. Олар үйірме барысында айналысқан жұмыстары мен қызықты өткен сабақтары бейнеленген суреттерді көрермен назарына ұсынды.
Байқау басталмас бұрын қатысушыларға оқушылар үйінің директоры Бауыржан Әлтайұлы сәттілік тіледі.
– Биыл оқу жылын сәтті бастадық. Жаңа оқу жылын қыркүйектің 15-не бастасақ та, оқушыларымыз республикалық, халықаралық байқаулардан жүлделі оралып жатыр. Соның бірі – бүгінгі жарыс. Әр адамның тәтті шағы – балалық кезеңі. Біздің балаларымыз үйірмелерге қатысып, өздерін шығармашылық жағынан дамыту керек. Сол себепті бүгінгі фотосурет жарысының маңызы зор деп ойлаймын. Бір суреттің өзінен көп ақпарат алуға болады. Бүгінгі сурет – ертеңгі тарих. Суреттің жыл өткен сайын құндылығы арта береді. Сондықтан сіздер де бүгінгі түсірген суреттеріңізге ертең сағынышпен қарайсыздар деген сенімдемін. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, – деді ол.
Бағымен қоса баптарын да сынап келген қатысушыларға жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Ынтымақ Боранбайұлы және білім бөлімінің әдіскері Аида Ниязбекқызы қазылық етті. Қазылар алқасы фотосуреттерді тақырыпқа сай келуі мен көркемдік сапасына қарай бағалады. Сонымен қатар оқушылардың суретті таныстыруына да назар аударды.
Фотосурет сайысының нәтижесінде І орынды би үйірмесі иеленді. Ал ІІ орын «Дизаин-арт» және «Робототехника» үйірмелеріне бұйырды. ІІІ орынды «Спорттық ойындар», «Шебер қолдар», «Раушан гүл» үйірмелері өзара бөлісті. Жеңімпаздарға және белсенді қатысқан оқушыларға ұйымдастырушы атынан алғыс хаттар пен дипломдар табысталды.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИ