ТАЗАЛЫҚ ТӘРТІПКЕ, ТӘРТІП МӘДЕНИЕТКЕ АЙНАЛАДЫ

Тазалық туралы сөз болғанда, көп жағдайда көшені сыпыру, қоқысты уақытылы шығару, аулаларды абаттандыру немесе контейнерлердің жеткіліктілігі ойға келеді. Алайда оның ауқымы бұдан әлдеқайда кең. Тазалық – ең алдымен адамның мәдениеті, қоғамдық тәртібі, туған жеріне деген жанашырлығы мен жауапкершілігінің көрінісі.
Шын мәнінде, қаланы бір күнде тазалауға болады. Бірақ оны күн сайын таза ұстау – әлдеқайда күрделі міндет. Өйткені мұнда коммуналдық қызметтің еңбегімен қатар, әр тұрғынның күнделікті әрекеті маңызды. Қоқысты белгіленген жерге тастау, тұрмыстық қалдықтарды уақытында шығару, ортақ аумақты ластамау – қарапайым болғанымен, қоғамдық мәдениетті көрсететін әдеттер.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында тазалықтың мәні қоршаған ортаны жинаумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның тәрбиелік әрі қоғамдық маңызына да назар аударды. Президенттің айтуынша, үйінде тазалыққа үйренген бала қоғамдық ортада да тәртіп сақтауға бейім болады. Табиғатты аялау, көшеге қоқыс тастамау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау – азаматтық мәдениеттің көрінісі. Бұл ой мәселенің түпкі мәнін дәл көрсетеді.
«Таза Қазақстан» бастамасы осы тұрғыдан алғанда бір күндік сенбілік немесе белгілі бір мерзімге арналған акция болмауы тиіс. Оның негізгі мақсаты – қоғамның тазалыққа деген көзқарасын өзгерту, қоршаған ортаға жауапкершілікті күнделікті өмір салтына айналдыру.
– Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін: бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, бұл – шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз. Өркениеттілік, жасампаздық пен ілгерілеу ұғымдарының ластыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Бұл – өмірдің ақиқаты. Түптеп келгенде, осы жұмыстың бәрі де өскелең ұрпақтың қамы үшін жасалып жатыр, – деді Мемлекет басшысы экобелсенділермен кездесуде.







