Тазалық – тәртіптің бастауы
Тазалық – күнделікті мәдениеттің көрінісі. Туған жерге үлес те, қоршаған ортаға деген қарапайым жауапкершіліктен басталады. Осы ұстанымды жанына серік еткен шиеліліктер «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тазалық пен абаттандыру жұмыстарынан қалыс қалмай келеді.Бейсенбі күні аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында аудандағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының барысын аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
Аралау барысында кент аумағындағы орталық көшелердің тазалығы, санитарлық жағдайы, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті, демалыс орындарын күтіп ұстау назарға алынды.
Сонымен қатар аудан тұрғындарының қауіпсіз ортаны қалыптастыру үшін аудан басшысы жаңа жобаларды қолға алып, жол көлік оқиғаларының алдын алу және жол кептелістерін болдырмау мақсатында автомобиль жолдарын салу мәселесін айқындады. Сондай-ақ жол бойындағы ретсіз қоқыс орындарын жою, көше бойларын біріздендіру және қоғамдық орындардың эстетикалық келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар пысықталды.
– Халқымыз «Тазалық – табалдырықтан басталады» дейді. Бабадан қалған осынау асыл сөз – бүгінгі ұрпаққа аманат. Ал тазалық – тәртіптің бастауы. Тұрған жеріміздің тазалығына, келбетінің көркеюіне атсалысу – әрбір тұрғынның міндеті. Тазалық ұғымы қоқыстарды жинаған жерде емес, шашпаған жерде қалыптасады. Сондықтан жалпыұлттық экологиялық акцияға әрбіріміз атсалысуымыз керек. Алдағы уақытта абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып, жарықтандыру, жол жиегін ретке келтіру жұмысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Айтбай Насриддинұлы.
Сондай-ақ, аудан әкімі тазалық пен тәртіп –баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, тұрғындарды туған жердің тазалығына бейжай қарамай, қоршаған ортаны қорғау мен елді мекеннің көркеюіне бір кісідей атсалысуға шақырды.
Еліміздің табиғаты – ұлттың қазынасы, ұрпаққа аманат. Тазалық – адам мәдениетінің, қоғам өркениетінің айнасы. «Тазалық тәртіптің бастауы» деген нақыл сөздің мағынасы тереңде жатыр. Себебі тазалық бар жерде тәртіп, жауапкершілік, ұқыптылық қалыптасады. «Таза Қазақстан» бастамасының мәні де осында. Тазалықты тек арнайы акция кезінде емес, күнделікті өмір салтына айналдыру, қоғамдық орындарға өз үйіңдей қарап, қоршаған ортаға жанашырлық таныту.
«Өскен өңір» ақпарат








