ТАЗАЛЫҚ – ТӘРТІПТІҢ БАСТАУЫ
«Тазалық – саулықтың, саулық – байлықтың басы» дейді дана халқымыз. Иә, расымен де қоршаған ортаны құрметтеу, таза әрі жайлы орта қалыптастыру әрбір туған елін сүйетін перзенттің асыл парызы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы осыған келіп саяды.Жалпыұлтық акция негізінде Шиелі ауданында тазалық жұмыстары күн тәртібінен түспей, тиісінше ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына көзіміз куә. Жаңа техникалар көше бойына су шашып, бірі қоқыс жәшіктеріндегі жүкті тиеп, арнайы орындарға жөнелтуде. Тұрғындар тарапынан да бұл бағытта үлкен қолдау көрсетіліп, әр үй иесі өз ауласын тазалап, көшет ағаштарын отырғызып үлесін қосуда. Бұл атқарылып жатқан игілікті іс қоғамның экологиялық мәдениетінің артқанының айқын айғағы.
Сейсенбі күні аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі бойында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүргізіліп жатқан абаттандыру және көркейту жұмысымен танысты.
Сапар барысында жол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандар, жанармай құю бекеттері, қызмет көрсету орындары мен санитарлық тораптардың тазалығы, сыртқы келбеті, аумақтың ретке келтірілуі және көгалдандыру жұмыстары зерделенді. Сондай-ақ, аудан әкімі жол жиегіндегі қоқыс қалдықтарын уақтылы шығару, белгіленбеген орындарға қоқыс тастамау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау бойынша тиісті сала мамандарына бірқатар тапсырманы жүктеді.
– Халқымыз «Тазалық – табалдырықтан басталады» дейді. Бабадан қалған осынау асыл сөз – бүгінгі ұрпаққа аманат. Ал тазалық – тәртіптің бастауы. Тұрған жеріміздің тазалығына, келбетінің көркеюіне атсалысу – әрбір тұрғынның міндеті. Тазалық ұғымы қоқыстарды жинаған жерде емес, шашпаған жерде қалыптасады. Сондықтан жалпыұлттық экологиялық акцияға әрбіріміз атсалысуымыз керек. Алдағы уақытта абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып, жарықтандыру, жол жиегін ретке келтіру жұмысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Айтбай Насриддинұлы.
Бүгінгі күні Шиелі ауданы – тек таза және көрікті ғана емес, қоғамдық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің айнасы. Мұнда әрбір бұрыш, әрбір көшенің тазалығы тұрғындардың және әкімдіктің ұқыпты еңбегін көрсетеді. Алдағы уақытта да аудан әкімдігі мен жергілікті халық бірлесіп, жасампаздықты, абаттандыруды және экологиялық тәртіпті одан әрі нығайта түсетіні анық.
Қазақ елін алып бәйтерекке теңесек, оның өсіп-өніп өркендеуі, жасыл желекке бөленуіне үлес қосқандар сол бәйтеректің мәуелі бұтақтары іспетті. Әркім өз әлінше мәуелі бәйтеректің жайқалып, айналаға ерекше әсер сыйлауы үшін жағдай жасауда. «Бүлдіру – оңай, бүтіндеу – қиын» демекші, ендігі кезекте осы атқарылған жұмыстардың зая кетпеуін назарда ұстап, әрі қарай өңірдің гүлденуіне бір кісідей атсалысуымыз керек. Себебі тазалық – тек сыртқы көріністі ғана емес, ішкі тәртіпті де көрсететін маңызды құндылық.
М.ИБРАГИМ








