Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҮГІНГІ КҮННІҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ: ТӘРТІП ҺӘМ ТАЗАЛЫҚ

БҮГІНГІ КҮННІҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ: ТӘРТІП ҺӘМ ТАЗАЛЫҚ

Еліміздің табиғаты – ұлттың қазынасы, ұрпаққа аманат. Тазалық – адам мәдениетінің, қоғам өркениетінің айнасы. «Тазалық – тәртіптің ­бастауы» деген нақыл сөздің мағынасы тереңде жатыр. Себебі тазалық бар жерде тәртіп, жауапкершілік, ұқыптылық қалыптасады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бүгінгі таңда өңір-өңірде кең қанат жайып, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруда маңызды рөл атқарып келеді.
Бұл бастама аясында өзендер мен көлдердің жағалауы, ормандар мен саябақтар, ауылдар мен қалалардағы аулалар қоқыстан тазартылып, туған жердің ажарын айқындайтын жұмыстар атқарылуда. Акцияға мемлекеттік органдар, волонтерлер, экологиялық ұйымдар, тіпті қарапайым тұрғындар да белсенді қатысып, туған жерге деген сүйіспеншілігін нақты іспен дәлелдеуде.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі басты мәселенің бірі – ауаның ластануы. Бұған түрткі болатын маңызды факторлар – қоқыстардың жиналуы, арналардың толуы, көлік құралдарының шамадан тыс көп болуы. Бұл – тек біз байқайтын дүниелер. Айналаға салғырттық танытатын жандар аз емес, десек те Мемлекет басшысы айтқандай бұл ортақ абырой.
Шиелі өңірінің тұрғындары да бұл игі іске айрықша үн қосып жүр. Өткен сенбіде кент орталығында және ауылдық округтерде жаппай сенбілік ұйымдастырылып, арықтар тазартылып, қоқыстар қапқа жиналып, арнайы техникамен полигондарға жеткізілді. Нәтижесінде ауылдар мен кенттің көркі жаңарып, табиғатқа жаңа тыныс берілді.
Ал Ыбырай Жақаев атындағы саябақта өткен сенбілікке аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудан ардагерлері, сондай-ақ ауданның белсенді тұрғындары мен жастары қатысты. Акция аясында саябақ аумағында көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 600 түп көшет ағашы егілді.
Осындай игі бастамалар қоғамды жаппай тазалыққа үндеумен қатар, ұжымның ауызбіршілігінің артуы мен жұмыла жұмыс істеу арқылы айрықша жоғары нәтижелерге қол жеткізетіндігін айқындай түспек. Осылайша, аудан азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару арқылы береке бірлік, тату тірлікпен елдің көркеюіне атсалыспақ.
Бұл шара тазалық жұмыстары ғана емес – ол қоғамның экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған үлкен қадам. Себебі таза табиғат – тек бүгінгі күннің игілігі емес, ертеңгі ұрпаққа қалдырар ең қымбат мұрамыз.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
07 сәуір 2026 ж. 28 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930