Таза Қазақстан: талап күшейді, көркейту жұмыстары жанданады
Жуырда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудан орталығындағы «Береке» сауда үйі, «Әбдіманап базары» мен сапаржай маңын және теміржол вокзалын аралап, олардың санитарлық жағдайы мен сыртқы келбетіне мониторинг жүргізді.Аралауға кент әкімі мен бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Нәтижесінде аталған нысандар төңірегінде ретсіз салынған құрылыстар мен ескірген маңдайшалардың талапқа сай келмейтіні анықталды.
Осыған байланысты аудан басшысы кәсіпкерлерге нысандардың сыртқы келбетін заман талабына сай жаңғырту, ретсіз орналасқан құрылыс элементтерін жою, сондай-ақ көрнекі ақпарат құралдарын біріздендіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, орталық аймақтың сәулеттік келбетін жақсарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.
Аудан әкімі аталған жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып, қысқа мерзім ішінде нәтижеге қол жеткізу мақсатында бір апта уақыт белгіледі. Тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынып, тиісті бөлімдерге нақты міндеттер жүктелді.
Аралау барысында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысына өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қатаң бақылауда ұстауды, ал аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына сауда орындарындағы тазалық деңгейін күшейтіп, жылдам әзірленетін тағам орындарына тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Бұдан бөлек, аудандық полиция бөліміне базар маңындағы орталық көшелердегі көлік қозғалысын реттеп, кептелістің алдын алу міндеті қойылды. Шиелі кентінің әкімі мен кәсіпкерлік бөлімінің басшысына кәсіпкерлермен бірлесіп, нысандардың сыртқы келбетін жақсарту, тозығы жеткен жарнамалық тақтайшаларды жаңарту, базар аумағында әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізу, адам көп шоғырланатын аймақтарды көркейтіп көгалдандыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізіліп жатқан мұндай жұмыстар ауданның экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындарға қолайлы әрі эстетикалық жағымды орта қалыптастыруға бағытталып отыр.
Гүлнәр Дүйсебай








