Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘКІМНІҢ ЖҰМЫСЫ – АУДАННЫҢ ТЫНЫСЫ

ӘКІМНІҢ ЖҰМЫСЫ – АУДАННЫҢ ТЫНЫСЫ

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков алғашқы қызмет күнін кент көшелерін аралаудан бастады.
Алдымен Көкшоқы мөлтек ауданы мен кенттегі бірқатар көшеге табан тіреген аудан басшысы тазалық мәселесін сынға алды. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің айналасы мен көше тұйықтарында жиналған қоқыс көп. «Ең басты талап – тұрғындарға қолайлы жағдай жасау» дегенді алға тартқан аудан әкімі тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.
– Кентті мұнтаздай таза ұстау тек тазалық қызметкерлерінің міндеті емес. Бұл істерге жеке кәсіпкерлер мен мекемелер де араласып, өз аумақтарын таза ұстауы қажет, – деді аудан басшысы. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныстарын, ойпікірлерін тыңдап, тиісті сала басшыларына анықталған кемшіліктерді тез арада ретке келтіруді тапсырды.
Екінің бірі көп көңілінен шыға бермейді. Тек өз ісіне берілген жан ғана халықтың шынайы алғысына бөленеді. Іскер де әділ басшы келсе – ел үшін құт. «Әкім халыққа жақын болса» дейді көбі. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы әкімдерге ашық, елге біртабан жақын болуды тапсырғаны белгілі. Себебі қазір заман басқа. Басшылар бұрынғыдай бұғып қалатын дәурен өтті. Әлеуметтік желі қарыштап дамып жатқан қазіргі уақытта ақпаратты тізгінде ұстау мүмкін емес. Сондықтан жұрт әкімнен жариялылықты, ашық диалогты күтеді.
Қызметін кенттің қым-қуыт тіршілігін көзімен көруден бастаған аудан басшысы келесі күні базар аумағын аралады. Мұнда заңсыз құрылыстар мен ауданның ажарын қашырған ғимараттар жетерлік. Аудан басшысы кенттің келбетіне кері әсерін тигізіп тұрған нысандарды сырлап, қалпына келтіріп не сүріп тастау керегін айтты. Мәселен, Дәулеткерей көшесіндегі кенттің қақ ортасында орналасқан қос қабатты тұрғын үйлер ауласындағы темір қоймалар, вагондарды алып тастау, шөптерін шауып, ойын алаңына жөндеу жұмыстарын бастау – кезек күтірмейтін мәселе. Абылай хан көшесіндегі жаңадан салынып жатқан нысандардың айналасындағы бейберекет жатқан құрылыс қалдықтары да кенттің көркін қашырып-ақ тұр. Сол сияқты №48 мектептің айналасын тазартып, қоршауын сырлау, «Барыс» спорт кешені жанындағы трансформатордың жан-жағындағы шөптерін шабу секілді мәселелер аудан басшысының назарынан тыс қалмады.
Одан бөлек, Айтбай Насриддинұлы орталық стадионның жай-күйін қарап, алдағы «Алтын дән» мерекесінің қарсаңында нысанды жаңғырту, сырлау, қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.
Келесі кезекте сапаржай маңындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын аралап, қоймалар мен контейнер, вагондарды, шашылып жатқан қоқыстардан тазартуды тапсырды. Сондай-ақ бейберекет орналасқан әжетханаларды алып тастап, орнына бір үлгідегі әжетханалар қою керектігін нақтылады. Әбдіманап базарының сыртқы қоршауын жаңарту да – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осыны ескерген аудан әкімі орындалуын кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жомарт Ақбергеновке жүктеді. Келесі кезекте, бір бағыттағы Байтұрсынов көшесіндегі сауда нысандарының сыртқы келбетін жаңарту қажеттігін, мекемелердің сыртқы қоршауларын сырлау керектігі айтылды.
Теміржол вокзалы маңындағы Дәулеткерей көшесінде орналасқан нысандардың келбеті де көңіл көншітпейді. Оларды барынша жаңалап, сырлау қажет. Одан бөлек аудан басшысы Бұдабай көшесінде орналасқан кәсіпкерлік нысандарының иелеріне өз аумақтарын арамшөптен тазалап, сыртқы қоршауын сырлауды жүктеді.
Ойға алған іс бар да, оны жүзеге асыру – екінші мәселе. Біздіңше, болашақта атқарылатын үлкен істердің бәрі әкімнің іскерлігі мен қабілет-қарымының өлшемі екенін аңғартса керек. «Сүйер ұлың болса сүй, сүйенерге жарар ол» деп ұлы Абай айтқандай, халық тарапынан да әкімге белсенді қолдау көрсеткеніміз жөн. Көп болып береке-бірлікпен кіріссек, алмайтын қамал болмайды.

Гүлхан ЯХИЯ
21 қыркүйек 2024 ж. 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930