Астарлы әзіл, қағытпа қалжың
Баланың басты байлық екенін барлығы біледі. Ұрпағының жалғасы саналғандықтан оның саналы һәм тәрбиелі жетілгенін қалайды. Алайда, көпшілігі бала тәрбиесіне келгенде қателікке бой алдырып, тал шыбықтай иілгіш жас буынның өз еркімен жүруіне ықпал жасамайды. Жасыратыны жоқ, кей-кездері баланы таяқтап алатын ата-ана да табылады. Өйткені, сәбиді өмірге әкеліп, оны толыққанды адам етіп тәрбиелеу оңай шаруа емес. Осындайда ата-анаға жәрдемдесетін мектептегі ұстаздар мен психологтар десек артық емес шығар. Иә, қазіргі таңда барлық білім ордаларында баламен жұмыс істейтін арнайы мамандар бар. Ұстаз баланы білім нәрімен сусындатса, психолог оның жан-дүниесіне терең үңіліп, күйзелісті болдырмаудың алдын алады.
Бүгінде адамдардың психологтардан жәрдем сұрауы таңсық дүние емес. Әр адам ішкі әлеміндегі өзгеге айта алмайтын сырын психологтармен бөлісуге тырысады. Бұл бала үшін де тиімді. Осы орайда біз тақырыпқа тұздық болар деген оймен Алғабас ауылындағы №157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектептің «Жас өрен» психологиялық клубы туралы сөз қозғамақпыз.
«Жас өрен» психологиялық клубы осыдан 9 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2010 жылы құрылған. Клубтың ең алғашқы жұмысы 1993 жылғы білім алушылармен басталған болатын. Алғашқы жұмыс жылдарында «Жас өрен» балалардың өмірге деген қызығушылығын арттырып, құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында жұмыс істеді. Ал қазір аталған клубтың бағыт-бағдары да, алдына қойған мақсаты да басқаша сипат алды. Психологиялық клубтың жетекшісі Ләззат Төлешованың айтуынша, бүгінгі «Жас өрен» 2015 жылдан бері балалармен тығыз байланыс орнатып, олардың психологиясымен жұмыс істеуде. Сондай-ақ оқушылардың жан-жақты дамуына да атсалысуда. Ауылдық, аудандық одан қалды облыстық байқаулар өткізіп, әр білім алушының санасына саңлау салуда. Сәйкесінше оқушылары да психолог маманға алғысын айтып, ризашылығын білдіріп жүр. Оның бір дәлелі – №157 мектептің түлегі Әсел Көрегенова. Бүгінде студент атанған Әсел «Жас өрен» психологиялық клубының өміріне үлкен өзгеріс әкелгенін айтады. Тіпті ол бұл туралы «Тhe steep onlain» журналына берген сұқбатында да тілге тиек еткен.
– «Жас өрен» ұйымының ұраны – «Әр бала бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет». Бұл ұран менің де өміріме үлкен өзгерістер сыйлады. Бұрын ата-анаммен ашық сөйлесе алмайтынмын. Ата-анама мектептегі қызықтарды немесе біреумен ұрысып қалғанымды айтып, ішімдегіні бөліскім келетін, бірақ ұялатынмын. 2015 жылдан бастап мектепте психолог Ләззат Сәулебекқызы курс өткізіп, басыңа түскен қиындықты міндетті түрде біреумен бөлісу керектігін түсіндірді. Осылайша ұйымда белсенді болып, өзім қатарлы жастармен жұмыс істедім», – дейді Ә.Көрегенова.
Міне, осылайша жеткіншектердің өмірде өз сүрлеуін салуына мұрындық болып жүрген облыстық педагог-психологтардың кәсіби тренері Ләззат Төлешова жақында тағы бір істің ұйытқысы болды. Алғабас ауылының тұрғындарына көңілді кеш сыйлауды мақсат еткен Л.Төлешова Алғабас ауылдық мәдениет үйімен бірлесіп жұма күні 8-10 сынып оқушыларының арасында жайдарман ұйымдастырды.
Жайдарман кешкілік сағат 8-де басталса да, ауыл тұрғындары лек-легімен ағылды. Астарлы әзіл айтып, көпті күлкіге қарқ қылған жайдарманшыларға мектеп мұғалімдері және ҚР мәдениет қайраткері, ақын Кенжебай Жүсіп қазылық етті.
Мектеп қызықтары және қоғамдағы мәселені әзілге айналдыра білген оқушылар үш кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы бөлімде әр топ өздерін таныстырса, келесі кезеңде қысқа бірақ нұсқа әзілдерін көрерменге ұсынды. Ал соңғы кезең көпшіліктің ерекше қошеметіне бөленді. Өйткені, ол сәтте жайдарман ойынына қатысушылар арнайы дайындап келген қойылымдарын көрсетті.
Ойын соңында көрерменнің көңілінен шығуға барын салған жайдарманшыларға К.Жүсіп сәттілік тілеп, әзілдің адам өмірінде алатын маңызы жайлы айтып өтті. Одан кейін кеш ұйымдастырушысы әрі психолог Л.Төлешова жеңімпаздарды жариялады. Ойын нәтижесінде үздік ойнаған ойыншыларға алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыстады. Айта кетейік, жайдарманшыларға Алғабас ауылдық мектебінің түлектері Нұрсұлтан Кенжебайұлы мен Жүсіп Болатұлы қаржылай сыйлық жасап, демеушілік танытты.
Фариза КЕНЖЕШОВА