УАҚЫТПЕН ҮНДЕСКЕН ОҚЫРМАН
Қазіргі цифрлы дәуірде ақпараттың барлығы саусақ ұшында тұрған шақта, газет іздеп жүріп оқитын жандар сирек кездеседі. Ол шындық. Бірақ сондай адамдар бар – олар үшін газет жай ғана ақпарат құралы емес, ол – рухани азық.Ақпарат ағыны толастамай тұрған бүгінгі заманда газеттің оқырманы да азайып бара жатқаны мәлім. Алайда, газеттің әр нөмерін асыға күтіп, жаңа шыққан басылымды ерекше тосатын жан – Гүлжанат Әлиярқызы. Ол Шиелі аудандық қоғамдық даму бөілімінде әдіскер болып жұмыс істейді.
Гүлжанат Әлиярқызы – аудан айнасы, 85 жылдық тарихы бар жергілікті «Өскен өңір» газетінің тұрақты оқырманы, газет жанашыры. Ол – тек оқырман емес, ол – сөздің салмағын сезінетін, рухани дүниеге жақын жан.
Гүлжанат үшін «Өскен өңір» газеті – жай ғана қағаз емес. Туған жердің тынысы. Әр шыққан нөмері – ауылдың жаңалығы, елдің қуанышы мен мұңы. Газет келетін күнді ол ерекше күтеді. Қолына тиген сәтте бірден парақтап шықпайды, асықпай, әр бетін зерделеп оқиды. Әр мақалаға мән беріп, әр сөйлемге ой жүгіртеді. Оның тағы бір ерекшелігі – газет тігінділерін жинайды. Әр нөмірін жинап, сақтап қоятын әдеті бар. Себебі өткен күннің ізі, уақыттың табы сол беттерде сақталғандай. Жылдар бойы сақталған сол сарғайған беттер – оның жеке мұрағаты секілді. Әр тігінді – бір кезеңнің айнасы, уақыттың белігісі.
Бүгінгі заманда көпшілік жылдам ақпаратқа үйреніп қалғанымен, газет оқитын жан тереңдікті қалайды. Гүлжанат Әлиярқызы асығыс жаңалықтан гөрі, сараланған сөзді, салмақты ойды бағалайды. Сондықтан да ол газет іздейді, күтеді, оқиды.
Газетке ғашық жан – уақытпен бірге өзгермей, рухани құндылықтарды сақтап келе жатқан тұлға. Газет оқитын мұндай жандар – рухани құндылықтың сақтаушылары. Олар уақыттың өтпелі емес, мәңгілік маңызға ие дүниелерін бағалай біледі.
Қалың оқырманға айтарымыз – кейде асығыстықты бір сәтке ысырып қойып, қолыңызға газет алып көріңіз. Әр жолын ойланып оқып, туған жердің тынысын сезінуге тырысыңыз. Өйткені газет – тек жаңалық емес, ол – өмірдің айнасы, елдің үні.
Бәлкім, сіз де сол парақтардың арасынан өзіңізге жақын бір ойды, жүрекке жылы бір сөзді табарсыз…
Айнұр НАЗАРОВА






