ҒАСЫРҒА ИЕК АРТҚАН БАСЫЛЫМ
Биыл ауданның шежіресі, тасқа басылған тарихы «Өскен өңір» газетіне – 85 жыл. Ғасырға жуық тарихында небір аумалы-төкпелі кезеңдерге қарамастан өзінің сара жолын қалыптастырған басылымның мерейтойын атап өту жыл басынан бері әртүрлі форматта ұйымдастырылып келеді.
Жуырда «Арман» кенттік мәдениет үйіндегі «Сұхбат Time» жобасында «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет қонақта болды.
Жуырда «Арман» кенттік мәдениет үйіндегі «Сұхбат Time» жобасында «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет қонақта болды.
Жиында Н.Сәдуақасұлы газеттің даму жолы, редакция ұжымы мен олардың еңбегі туралы ой қозғап, басылымның аймақ мәдениетін дамытудағы рөлін ерекше атап өтті. Сондай-ақ газеттің жаңа бағыттары, цифрландыру заманына бейімделуі және оқырман қауымға сапалы ақпарат жеткізуге бағытталған жоспарлары талқыланды.
– Жергілікті халықтың жаңалықтар мен танымдық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандырып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан бұл басылым – өңірдің шежіресін сақтаушы шырақ іспетті. «Өскен өңір» газетінің 85 жылдық торқалы тойы – аудан мәдениеті мен баспасөзінің мерейін асқақтатып, аймақтың рухани байлығын дәріптеген айтулы шара. Бұл басылымның даңқты жолы әлі де жалғасын тауып, оқырмандарының көңілінен шыға беретініне сенім мол, – деді жобаны тізгіндеген мәдениет үйінің басшысы Н.Шалекеева.
Шара барысында қатысушылар басылымның жай-күйі, ақпарат агенттігінің арқалар жүгіне қатысты толғандырған сұрақтарын қойып, мардымды жауап алды.
Ертеректе газет ұжымдық насихатшы, қоғамдық пікір туғызушы саналса, қазіргі таңда баспасөздің мәні де, маңызы да арта түсті. Бүгінде аудан айнасы «Өскен өңір» газеті әрдайым өңірдің тыныс-тіршілігін елге жеткізіп келеді. Өңірдің экономикалық тұрғыдан жеткен жетістігін, әлеуметтің әлеуетін, Мемлекет басшысының саясатын насихаттаумен қатар, қоғамдағы түйткілді тақырыптарды қаузаудан да қаймыққан емес. Тағылымы мол рухани шығармаларды да төл газеттің бетінен табуға болады.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ