Кәсіпкерлерге төсбелгі тарту етті
Ауданның төл басылымы – «Өскен өңір» газетінің 80 жылдық мерейтойына орай жыл басынан бері түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Газет алғаш жарыққа шыққан күн 19 наурыздан бастау алған газеттің байырғы қызметкерлерімен, ақын-жазушылармен кездесулер, журналистердің ауыл-ауылды аралап, тұрғындармен тілдесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдауы, БАҚ қызметкерлері мерекесіне орай «Арман» мәдениет үйіндегі ауқымды шара, «Өскен өңір – 80 жыл» мерекелік медалі мен мерейтойға арналған жинақтың жарыққа шығуы, «Алтын күз» мерекесі қарсаңында ауқымды шаралардың барлығы жыл бойы түрлі форматта ұйымдастырылып келеді.
Солардың жалғасындай өткен аптада аудандағы ірі шаруа қожалық иелерінің қатысуымен жиын өтті. Мерекелік кітап пен медальдің сәнді, сапалы болып шығуына атсалысып, демеушілік танытқан кәсіпкерлер аудандық мәслихаттың депутаты Ербол Жеңсікбаев, Алғабастағы Жылқайдар Машрапин, «Бестам елі» шаруа қожалығының төрағасы Балтабай Қошқаров, аудандық мәслихаттың депутаты, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков, «Алтын дән – Шиелі» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев, «Байсын» шаруа қожалығының төрағасы Аятжан Есжанов, «Қаптағай-К» шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Көпеев, «Бала би» өндірістік кооперативінің төрағасы Пернебай Күзембай, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбековке редакция ардагері Өркен Исмаил мен бас редактор Нұрболат Пірімбет алғыстарын айтып, жиын-терім науқанын абыройлы аяқтауларымен құттықтады.
Одан соң қатысушыларға естелік ретінде «Өскен өңір – 80 жыл» мерекелік медалі және «Өскен өңір» кітабы мен редакция тілшісі болған марқұм Тұрар Тоққұловтың кітабы сыйға тартылды. Басқосуда әдемі әңгімелер айтылып, жиналғандар алдағы уақытта да іскерлік байланысты үзбеуге уәделесті.
«Өскен өңір» ақпарат