Ғасырға таяу тарихы бар облыстық «Сыр бойы» газетінің үздіктер қатарынан табылып, «URKER» Ұлттық сыйлығының иегері атанғанына дүйім жұртшылық қуанды. Ақжолтай жаңалық жеткенде, ең алғашқы болып аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құттықтаған еді. Сейсенбі күні облыс әкімінің ықыласын жеткізген облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов «Сыр медиа» ЖШС қызметкерлерімен кездесті. Бірінші кезекте ол «Сыр бойы» облыстық қоғамдық-саяси газетінің ұжымына облыс әкімінің құттықтауын табыстады.
– Ең алдымен газет ұжымын «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясын жеңіп алуымен құттықтаймын. Бұл Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойына тамаша тарту болды. Аймақтың ата басылымы өз биігін тағы бір рет байқатты. Бұл жеңіс – «Сыр бойы» газеті ұжымының қажырлы еңбегінің жемісі және Сыр өңіріндегі барлық баспасөз өкілдерінің ортақ қуанышы, – деді А.Есмаханов.
Облыс әкімінің құттықтауында:
– ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған дәстүрлі ««URKER-2023» Ұлттық сыйлығында «Сыр бойы» газеті жеңімпаз болуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл облыс үшін ерекше жыл. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы еселеп артып, өңірдің 85 жылдық мерейтойына лайықты көптеген шаралар қолға алынды. Осындай жауапты шақта «Сыр бойы» газеті жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шығып, өздерінің бәсекеге қабілетті екендігін танытты. Бұл жеңіс аймақ мерейтойына тамаша тарту болды.
Осылай «URKER-2023» Ұлттық сыйлығында «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясы біздің аймаққа бұйырып, басылымның беделін көтерді, аймақтың абыройын асырды.
Сөзі сұңғыла, жанрлық ерекшелігі әрқилы, безендірудің көркемдік деңгейі жоғары басылымның тарихы терең. Келесі жылы «Сыр бойы» газеті өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл сыйлық – мерейтой алдындағы мүмкіндіктің мезіреті. Ал бұл жеңіс – «Сыр бойы» газеті ұжымының қажырлы еңбегінің жемісі.
Басылым журналистерін жарқын жеңісімен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға шығармашылық табыс, мықты денсаулық, отбастарыңызға құт-береке тілеймін! – делінген.
«URKER» Ұлттық сыйлығы – баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін беріледі. Ол журналистиканың беделін арттыруға, талантты БАҚ қызметкерлері мен шығармашылық ұжымдарды анықтауға, сондай-ақ олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлесін тануға бағытталған.
Келер жылы 95 жылдық мерейтойы қарсаңында аға басылым «Сыр бойының» үздіктер қатарынан көрінуі өңір халқы үшін де үлкен мәртебе болды. Бұл жетістікке 24 мыңға жуық оқырманның да қосқан үлесі мол. Алдағы уақытта да мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуде, танымдық, тарихи мақалалар мен сараптамалар жазуда басылым ұжымы зор шабытпен жұмыс жасай бермек.
«СБ» ақпарат