Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әз наурыз амалдан басталады

Әз наурыз амалдан басталады



Биыл Сыр өңірінде Ұлыстың Ұлы күні кең көлемде тойланбақ. Мереке қарсаңында 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, аймақ басшысының қатысуымен сырбойылықтарға баспана кілті табысталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов хабарлады.

– Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі, жұртшылықтың бір-бірімен қуана қауышатын сәті. Алдағы күндері Ұлыстың Ұлы күнін атап өту басталады. Амал мерекесінен бастау алатын шаралар 22 наурызға дейін үзілмейді. Жалпы Наурыз мерекесінің нақышын келтіретін қайырымдылық шарасы да жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Биыл да облыс әкімінің қатысуымен «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде «Қайырымды ұлт» жалпыұлттық қайырымдылық акциясы өтеді, қалада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болады. Барлық білім беру ұйымдарында Наурыз мейрамы туралы тәрбие сағаттары, дәрістер, көрмелер, экскурсиялар және  Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында кітап көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, республикалық «Таза табиғат» акциясын өткізу де жоспарланып отыр. Бұл мерекедегі тағы бір қуанышты жаңалық,  қаланың сол жағалауында 40 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің кілті табысталады. Сондай-ақ, 84 пәтерлі 7 қабатты тұрғын үй құрылысының іргетасы қаланады, – деді басқарма басшысы.
15 наурыз – «Тарихтан тағылым» күнінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы мен Қызылорда облысының 85 жылдығына арналған түрлі шаралар өтеді. Келесі күні қоршаған ортаны қорғау үшін жалпыхалықтық сенбілік болады. Сонда барлық мекеме ұжымдарының бір мезеттегі «Ағаш отырғызу» акциясы және аулалар мен саябақтарды көгалдандыру бойынша «Жасыл үй» челленджі жүзеге аспақ. Ал 17 наурызда ұлттық ойындардан сайыстар, велошерулер мен марафондар өткізілмек. Сондай-ақ оқушылар арасында спорттық спартакиадалар болады. 20 наурыз жастарға арналады. Бұл күні жастар жиналып, қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындарын ойнап, думанды кеш өткізбек.
– 21 наурызда орталық алаңда Ұлыстың Ұлы күні, жыл басы Наурыз мейрамын тойлауға арналған «Бірліктің бастауы, елдіктің дастаны – Наурыз» атты мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылады. Наурыз мерекесімен қабат келген облыстың 85 жылдық торқалы тойы қарсаңында облыс әкімі және белгілі тұлғалардың қатысуымен 85 баланың тұсаукесер рәсімі жасалады. Орталық алаңды айналдыра 38 киіз үй тігіледі және соның бірінде «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылынан шыққан жас жұптың беташар рәсімі өтеді. Сонымен қатар, қолөнершілердің арнайы киіз үйі тігіліп, ұлттық бұйымдар көрмесі ұсынылады, – деді қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов.
Бұдан бөлек, Н.Бекежанов  атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Д.Исабековтің «Құстар фестивалі», Ғ.Мүсіреповтің «Ақбаян» спектакльдері мен Қ.Бегмановтың «Ер Төстік» балалар спектаклі көрерменге ұсынылады. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Сыр өңірінің зергерлік өнері» этнографиялық көрмесі, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Aray City Mall» сауда орталығында, облыс музейлерінде мерекелік шаралар мен ашық есік күндері өтеді.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»
14 наурыз 2023 ж. 219 0