Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қызылордада «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары марапатталды


Қызылордада Еңбек күніне арналған «Адал азамат – Адал еңбек» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысты.

Президент Жарлығымен 2013 жылдан бері жұмысшы мамандықтарына құрмет дәстүрін жаңғырту және еңбектің маңызын ерте жастан түсіндіру мақсатында қыркүйектің соңғы жексенбісі «Еңбек күні» болып бекітілген. Мақсаты – жастарды еңбек етуге баулу, еңбекқор жандарды көпке үлгі етіп, беделін арттыру. Сонымен қатар, жұмысшы кәсібінің танымалдығын арттырып, жастарды өндіріске тарту назардан тыс қалмауы қажет.


Дөңгелек үстелде Мейрамбек Зинабдинұлы жиналғандарды Еңбек күнімен құттықтады. Бұл мереке адал еңбегімен ел дамуына, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан адамдарға көрсетілген құрметтің көрінісі екендігін атап өтті.

Басқосуда «Таң ЛТД» ЖШС бас агрономы, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік жеңімпазы Е.Ақбергенов, облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары М.Бәйімбетов және облыстық кәсіподақтардың жастар қанатының өкілі Р.Шарапат өз ұсыныс-пікірлерін бөлісті.

Жыл сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы күн қарсаңында үздік еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлерін айқындау үшін «Еңбек жолы» республикалық конкурсын өткізеді.

Биыл бұл байқауға облыстан 26 азамат қатысты. Байқау нәтижесінде «Үздік еңбек әулеті» номинациясын қызылордалық Атшыбаевтар әулеті жеңіп алды. Бұл әулетте 10 адам мұнай-газ саласында еңбек етеді, барлығының жиынтық еңбек өтілі 304 жылды құрайды. Есімдері еліміздің «Алтын картасына» және Атырау облысындағы мұнайшылар әулеттердің Құрмет тақтасына енгізілген. Әулеттің әрбір мүшесі еңбек жолында көптеген марапатқа ие болған.

«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясының жеңімпазы Ербол Ақбергенов – «Таң ЛТД» ЖШС-нің бас агрономы. Жұмыс барысында өзінің жауапкершілігімен дараланған.

«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында үздік атанған аралдық Мирамбек Абдраупов – Арал спорт клубының жаттықтырушысы. Қол күресінен спорт шебері, ерлер мен әйелдер арасындағы ел кубогінің 1-орын иегері, республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы. Жұмысқа деген ынтасымен, адалдығымен және бастамашылдығымен көзге түскен.

Шара соңында «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік жеңімпаздарына, сондай-ақ ел алғысына бөленіп жүрген бір топ азаматқа сый-сияпат көрсетіліп, облыс әкімі атынан алғыс хат табысталды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
22 қыркүйек 2023 ж. 156 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№56 (9220)

16 шілде 2024 ж.

№55 (9219)

13 шілде 2024 ж.

№54 (9218)

10 шілде 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031