Қарты бар елде қазына бар
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Айтулы күн 1990 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 19 желтоқсанында жарияланған болатын. Содан бері дәстүрлі түрде Қазақстанда мерейлі мереке өз деңгейінде аталып келеді. Осы күні қариялардың ғұмыр бойы істеген еңбектері еленіп, мемлекеттің қалыптасуына қосқан сүбелі үлестеріне сай сый-сияпат табысталады. Қоғам құрмет көрсетеді.
Дәсүрлі мереке сенбі күні ауданда да көрініс тапты. «Қарттарым – асыл қазынам» атты салтанатты шара Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде өтті. Оған облыстық ардагерлер кеңесінің кеңесшісі Мақсұт Баекеев, «Шиелі аудандық ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, кент және ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағалары және ардагерлер қатысты. Шарада аудан әкімі Әшім Оразбекұлы қарттардың ғибраты мен тәлім-тәрбиесі ілкімді істерді жалғастыруға жолсілтеуші екенін айтты. Одан кейін қарияларды мерекемен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады. Өңір басшысы өз кезегінде бірнеше мәселелерге тоқталды.
Ә.Оразбекұлының дерегіне сүйенсек, ауданда әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі тұрақты. Осы уақытқа дейін жылдық бюджеттің 101,3 пайызы игерілген. Ал өнеркәсіп өндірудегі көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 104,8 пайызды құрайды. Шиеліде құрылыс жұмысы да қарқынды. Себебі құрылыс жұмыстарының көлемі бұрынғы жылға қарағанда 6 есеге артқан. Осындай жоғары нәтижедегі көрсеткіштерді егін мен мал шаруашылығы және шағын кәсіпкерліктен де байқауға болады.
Аудан әкімі жиында әлеуметтік саланың әлеуетін де тілге тиек етті. Өңір басшысы статистикалық мәліметтерге сүйене отырып жұмыспен қамтылған халық санының 37615-ке жеткенін мәлімдеді. Демек биыл кентте жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға төмендеген.
Салтанатты шарада қаузалған келесі мәселе – саяси ахуал. Аудан әкімі осы орайда әлеуметтік желіге ерекше назар аударды. Ол желіде жалған ақпараттардың желдей есіп жүргенін және оның залалы жетерлік екенін сөз етті. Сондай-ақ бірнеше мысалдар келтіріп, қатысушыларды тексерілмеген хабарға иланбауын шақырды. Сөз соңында өңір басшысы залға жиналған қауымға ыстық ықыласы мен ізгі ниетін білдірді.
Әшім Оразбекұлының баяндамасынан кейін сөз кезегі облыстық ардагерлер кеңесінің кеңесшісіне берілді. Мақсұт Баекеев өз кезегінде туған жердің топырағын басқанына қуанышты екенін айтып, қазынаға баланған қарияларға жүрекжарды лебізін жеткізді.
Мерекелік шара әрмен қарай марапаттау рәсімімен жалғасты. Мерейлі мерекеде Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» төсбелгісі Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің ардагері Серғара Ізтілеуовке, Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбек Байжановқа табысталды. Ал еңбек ардагері Киікбай Смайылұлы мен Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Рахым Мауяев Қызылорда облысының құрмет грамотасымен марапатталды. Айтулы күнде ауданның бірқатар ардагерлері Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының алғыс хатын иеленді. Олардың қатарында Төңкеріс ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Мизамбаев, білім саласының ардагері А.Әбдіхамитқызы және медицина саласының ардагері А.Биманова бар. Мереке қарсаңында ауылшаруашылығы саласының ардагерлері Қ.Бекшебаев, П.Жақсыбаева, Ы.Махашов және бірқатар азаматтар аудан әкімінің алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ мерекелік шараға жиналған қариялардың барлығына сый-сияпат табысталды. Шараның соңы өңір өнерпаздарының қатысуымен өткен концертке ұласты.
Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА