Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРИЯЛАР ҚАШАНДА ҚАЗЫНАЛЫ...

ҚАРИЯЛАР ҚАШАНДА ҚАЗЫНАЛЫ...

...Неменеге жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр?.. Ақиық ақын Мұқағали осылай жырлапты. Тарихтың тірі куәгерлерінің қатары расында сиреп бара жатқанын біріміз сезсек, біріміз бас ауырта бермейтініміз де шындық.
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Елімізде жыл сайын­ бұл күні қарттарымыздың ғұмыр бойы істеген еңбектеріне әрі мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан зор үлестеріне сай сый-құрмет көрсетіледі. Биыл пандемияға байланысты біраз шектеулер болса да, мерейлі мереке өз деңгейінде аталып өтілмек.
Әр заманның өз уақытына сай тұлғалары болады. Ұлы даланы мекен еткен халқымыздың арасынан талай дүлділ абыздар, көпшілікті өзіне қаратқан шешендер, әділдік ұранын биік ұстаған билер, ақыл-парасаты мол небір көсемдер шыққан. Олар өздерінің көрегенділігімен елді айрандай ұйытып, шаңырағымыздың биік, керегеміздің берік болғанына үлкен үлес қосқаны белгілі. Сөйтіп, олар халық арасында сый-құрметке бөленіп, есімдері алтын әріппен мәңгілікке жазылып, ел-жұрттың алдында тарихтың жібек жібін жалғастырып, өнегелі істері айтулы аңызға айналды.
Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, айрықша құрметтеп келген. «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең» деген аталы сөз бар. Қарты бар ел қашанда қазыналы. Қариялардан үйренер өнеге мен алар тәлім-тәрбие мол. Шежірелі қарттар сарқылмас тәрбиенің қайнар бастауы.
Шиелі топырағы да ел алдында мағыналы, салмақты сөз айтып, парасатты ақыл-пікір қосатын, көпшілікке салиқалы ой тастайтын, елдің басын қосып, ауызбіршілік пен татулыққа ұйытқы болатын, әрдайым ел назарында жүретін сергек сезімді асыл қарттар мен кемеңгер ардагерлерге кенде емес. Мереке қарсаңында сол кісілердің өнегелі өмір жолын жариялағанды жөн көрдік.
29 қыркүйек 2020 ж. 1 266 0